Бір жылда 404 миллион: Air Astana басшысының жалақысы қанша?

Көркем Алдабергенова 05 сент. 2024 14:51 3965

Air Astana әуекомпаниясының басшысы Питер Фостердің бір жылдағы жалақысы белгілі болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы журналист Дмитрий Шишкин телеграм арнасында жазды. Оның сөзінше, "Эйр Астана" АҚ басшылығына басқа ұлттық компаниялардың негізгі қызметкерлері арасында ең жоғары жалақы төленеді. 

Қаржылық есептілік депозитарийінің ақпараты бойынша, Питер Фостер 2023 жылы 404,7 миллион теңге жалақы алған. Бұл соманы 12 айға бөлгенде - бір айда шамамен 33,7 миллион теңге. 

2022 жылы – 394 миллион теңге;

2021 жылы – шамамен 309 миллион теңге;

2020 жылы  – 288,4 миллион теңге.

Осылайша кейінгі төрт жылда жалпы 1,4 миллиард теңге жалақы төленген.  

Еске салайық, күні кеше Air Astana әуе компаниясына қатысты дау туған болатын. Компания қызметкері Астанадан Алматыға ұшпақ болған халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға дөрекілік көрсеткен. Осы тұста қоғам белсендісі Лека Савальева әуе компания президенті Питер Фостерге үндеу жолдап, болған жағдай үшін кешірім сұрауын талап етті. 

“3 қыркүйек күні сағат 10.30-да Астанадан Алматыға ұшатын Air Astana әуе компаниясының 852 рейсінде жайсыз оқиға орын алды. Аты аңызға айналған әнші, КСРО халық әртісі және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға Air Astana қызметкерлері ұшаққа отырғызу кезінде дөрекілік көрсетті”, - деп жазды Лека Савельева Facebook парақшасында.

Әуе компанияның қызметкерлеріне Бибігүл Ахметқызының денсаулығы сыр беретіні, яғни омыртқасында ақау бар екені хабарланған. Арбаға отырған өнер иесін қызы шығарып салмақ болған. Бірақ кенеттен оларды Air Astana қызметкері тоқтатып, арбадағы жолаушылар бірінші болып отырғызылатынын, ал кешіккен жағдайда соңғы жолаушының өткенін күту керек екенін айтқан. 

“Бибігүл Ахметқызы арбамен тек ұшақтың кіребірісіне дейін ғана барып, ары қарай ешкімге кедергі келтірмей орнына жайғасқысы келді. Оның үстіне сол уақытта топырлаған жолаушы да болмады. Арбамен оңай әрі тез өтіп кетуге мүмкіндік болды”, - делінген хатта.

Содан кейін халық әртісі Астананың Құрметті азаматы екенін алға тартқан. 

“Қызметкер мұның бәрін білетінін айтып, ереже адамның мәртебесіне, жасы мен лауазымына қарамастан бәріне бірдей қолданылатынын өте қатал әрі дөрекі түрде жеткізген. Осылайша қызметкерден оның бастығының кім екені және онымен қалай байланысуға болатынын сұраған. Ол бұл жерде өзі жауапты бастық екенін, ал қалған басшылық Алматыда, сондықтан барлық шағым сонда түсетінін айтқан”, – деп жазады Лека Савельева.

Қоғам белсендісі Air Astana әуе компаниясынан үлкендерге құрмет көрсетіп, өнер иесінен кешірім сұрауын талап етті. 


Рекомендовать
Последние новости