21 сәуірде Шымкентте Руслан Берденовке шабуыл жасалды. Кәсіптен депутаттыққа, депутаттықтан әкімдікке ойысқан "Бэтмен" шенеунік туралы не белгілі? Партияластары не дейді? Dalanews.kz шолу жасап шықты.
Әкімдік маңындағы атыс: шенеунікке шабуыл жасалды
Кеше Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Руслан Берденовке операция жасалған, өміріне қауіп жоқ.
"Шымкент қаласы әкімінің орынбасары оқ жарақатымен қалалық ауруханаға түсті. Оған шұғыл операция жасалды. Операция барысында қан кету тоқтатылды, зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Мәліметке сүйенсек, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Шенеунік дәрігерлердің тұрақты бақылауында және қажет медициналық көмекті алып жатыр.
БАҚ пен әлеуметтік желі шабуыл туралы не жазды?
Желіде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуыл туралы түрлі болжам айтылды. Соның бірінде шабуыл тұрмыстық себептен жасалғаны, дәлірек айтсақ, жеке себептермен екені айтылды, тіпті қызғаныштан болуы мүмкін делінді.
Руслан Берденовтің партияласы Бейбіт Әлібеков шабуыл "ол Шымкенттегі құрылыс саласында тәртіп орнатуына байланысты жасалған болуы мүмкін" деп санайды. Әлібековтің сөзінше, атқан адам Берденовтің қол астындағы қызметкер, яғни әкімдік жанындағы ЖШС қызметкері болған.
Ал Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова ұсталған адамның жұбайымен Полиция департаменті ғимаратында кездескенін мәлімдеді. Ұсталған адамның жұбайы Руслан Берденовпен таныс емес екенін айтқан.
Шымкент әкімдігі де желідегі ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген.
Партияластары Берденовке жасалған шабуыл туралы қандай пікірде?
"Respublica партиясы бұл оқиғаға байланысты өкініш білдіреді және партияласымыз Руслан Арысбекұлы Берденовке тез арада сауығып кетуін тілейді. Оқиғаның мән-жайына қатысты біз де барша жұртшылық сияқты құзырлы органдардың ресми түсініктемесін күтеміз. Тергеу барысына араласу ретінде қабылдануы мүмкін кез келген алдын ала пікір білдіруден біз аулақпыз. Біз тергеу мен сот процестері әділ де объективті өтетініне сенімдіміз. Respublica партиясы кез келген даулы жағдай заң аясында шешілуге тиіс деп есептейді. Қандай да бір күш көрсету - біз үшін жат", - деп жазылған хабарламада.
Руслан Берденов - Шымкенттің тумасы. Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
Біраз уақыт жеке компанияларда жұмыс істеген, атап айтсақ:
- Еңбек жолын 2005 жылы "Алматы құс" ААҚ ("Сеймар" тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.
- 2007 жылғы ақпан - 2010 жылғы шілде Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.
- 2010 жылғы шілде - 2012 жылғы қараша Eastcomtrans ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.
- 2012 жылғы қараша - 2018 жылғы мамыр "Ақ ниет" ЖШС бас директоры.
- 2018 жылғы қараша - 2019 жылғы сәуір "Ақ ниет" ЖШС байқау кеңесінің мүшесі.
- 2019 жылғы сәуір - 2023 жылғы наурыз Aq niet Group байқау кеңесі төрағасының орынбасары.
Екі жыл бұрын Берденовтің саяси аренадағы карьерасы басталды. 2023 жылғы 29 наурыздан бастап Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды да, 2023 жылғы наурыздан бастап VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша сайланды.
Мәжіліс мінберінде Берденовтің есімі букмекерлермен күрес арқылы есте қалды. Кейін тіпті бұл мәселе сотқа дейін жетті. Артынша сот депутат Руслан Берденовтің үстінен шағымданған букмекерлік кеңселердің талабын қанағаттандырудан бас тартты. Одан соң нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған бес жылдық кешенді жоспарға өзгерістер енгізу қажет екенін мәлімдеді. Бір кездері ҚТЖ-ға да шүйлігіп, компания қызметіне алаңдаушылық білдіріп, сыбайлас жемқорлық тетіктері және миллиардтаған шығындар туралы айтты.
Екі жылға жуық депутаттық қызмет атқарған ол биыл ақпанда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Берденовтің артында кім тұр?
Бұған дейін арналардың біріне берген сұхбатында Руслан Берденов Шымкентке қызмет ауыстыруының түпкі себебі неде екенін айтқан еді.
"Шымкенттің әкімі болу деген амбициям жоқ. Осы сұрақ алдыңғы жылы да сұралған. Өзім Шымкенттікі болғаннан кейін бәлкім солай айтатын шығар. Бірақ ешқашан да ешкімге ол нәрсе туралы айтпадым. Шынымды айтсам, бәрібір. Ұлытауға барсақ та, БҚО-ға барсақ та, қай жаққа барсақ та дұрыс жұмыс көрсетіп, нәтиже шығару -мақсатымыз", - деді ол Ulysmedia-ға берген сұхбатында.
Сұхбат барысында Берденовке "дұшпандарыңыз бар екенін сезесіз бе?" деген сұрақ қойылған.
"Әрине, сеземін. Себебі үлкен мәселені қозғағаннан кейін ол мәселеде мүдделі топтар бар екенін білемін. Мүдделі топтар, тұлғалар бар екен білемін. ("Шымкентте де аяқтан шалатындар болмай ма?" деген сауал қойылды). Жас бала емеспін, барлық жерде мені ешкім құшақ жайып күтпейді. Ол кәсіпкерлікте де сондай. Ешкім сені құшақ жайып күтіп отырмайды. Келіспейтіндер болады, қарсы шығатындар болады. Алысқа бармайықшы, пайғамбарлардың өзіне қарсы шыққандар көп болды ғой. Біз кімбіз? Мен әулие емеспін, мінсіз адам емеспін. Пайғамбар емеспін. Ол - жұмыстың бір бөлігі, мен солай қабылдаймын. Оған шыдай білу керек", - деді ол.
Сонымен қатар, Руслан Берденов Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековпен қашаннан бері таныс екенін де айтты.
"Қазіргі Шымкенттің әкімі Ғабит мырза керемет жұмыс істеп жатыр. Шымкент - жемқорлықты тоқтатқан ең бірінші қалалардың бірі. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол. ...Ғабит мырзаны өмірімде үш рет көрген шығармын. Жанашыр ретінде әртүрлі жобамды айттым, екеуміз ақылдастық, ол да жанашыр. Үш рет кездестік, бір сағаттан отырып ақылдастық. Мен өз ойымды айттым. Ол кісі "Руслан, осы жобаларды жүзеге асырсаң, мен қолымнан келген барлығын жасаймын, өзіңнің елің ғой, кел де осыны жаса" деді", - дейді ол.
Шенеунік Берденов сұхбатында олигарх Қайрат Итемгеновтің қолдауына қалай ие болғанын да айтқан еді.
"2018 жылы сол кісіге компанияны жүз пайыз сатқан болатынбыз. Сатқан кезде таныстық. Мен АҚШ-қа көштім. Үш-төрт айдан кейін ол кісі хабарласып, "шай ішейік, бір-екі мәселе бар" деді. Бүкіл жұмысты сол кісінің адамдарына тапсырғанмын. Ол кісі "өте қиын сала екен, фармацевтика саласында жүрген адамдар әрі қарай жұмыс істегені дұрыс сияқты, ұсыныс ретінде келісейікші, мен өзімнің командамды аламын, сен өзіңнің командаңмен келесің, осыны басқар, менің мақсатым - осы саланы дамыту" деді. Мен келістім. Ешқандай рулас та емеспіз. Ол кісі Семейдікі, мен Шымкенттенмін. Бұрын араласымыз болмаған", - деді ол сұхбатында.