Берденовке жасалған қастандық: айыпталушы қандай шындықты жайып салды?

Сағыныш Сардарова 06 авг. 2025 11:45

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінгі сот отырысында не болып жатыр?

Айыпталушы Ернар Жиембай бұл әрекетке қызмет барысындағы араздық емес, жеке бастың мәселесі, анығырақ айтқанда қызғаныш себеп болғанын мәлімдеді.

Жиембай өзіне тағылған айыпты мойындап, ел арасында тараған түрлі қауесетті жоққа шығаруға тырысты.

"Мұны халықтың, қоғамның анық білгенін қалаймын. Бұл жайттың жұмыспен байланысы жоқ. Барлығы қызғаныштан туындады", – деді ол.

Айыпталушының айтуынша, әйелімен алтыншы сыныптан бері таныс. Ол жұбайының адал екеніне сенімді екенін, әлеуметтік желіде тарап жүрген әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

"Әйелім – тәрбиелі, көргенді отбасынан шыққан адам. Оның бөтен ер азаматтармен орынсыз қарым-қатынас жасағанын ешқашан көрмеппін", – деді Жиембай.

Жиембай отбасында аутизм диагнозымен туған ұлы бар екенін айтты. Бір көшеде дәл осындай диагнозы бар бала өсіріп отырған отбасы тұрған. Олар Берденовтің туыстары екен. Осы себептен Жиембайдың әйелі осы отбасының мүшелерімен жақын араласқан, балаларын бірге дамыту орталықтарына апарып жүрген.

"Әйелім Берденовпен бірнеше отырыста дастархандас болған", – дейді айыпталушы.

Оқиғаға түрткі болған жайттардың бірі Жиембай әйелінің телефонына Берденов хабарлама жазып, "сен әдемісің" дегені екенін алға тартты.

"Әйелімнің телефонынан Руслан Берденовтің хабарламасын көріп қалдым. "Сен әдемісің" деп жазған, лайк қойған. Әуелде жаман ойым болған жоқ. Мен де қарындастарыма осындай сөз айтамын", – дейді ол.

Айыпталушы шабуылға тағы бір себеп болған оқиғаны баяндады. Айтуынша, оқиғадан бір күн бұрын Берденовтің қабылдауына бармақ болып, әйелінен киімін дайындауды сұраған. Бірақ үйіне келгенде әйелі киімді әзірлеп үлгермеген, тіпті көйлегін үтікпен күйдіріп алғанын көрген.

"Мен кешігіп жатырмын. Ал сол кезде әйелім маған Руслан Берденовтің қалай киінетінін айта бастады. Оның бес миллион теңгелік костюмдері ұнап қалыпты. Бұл да қастандық жасауыма себеп болды деп ойлаймын", – деді Жиембай сот отырысында.

Іс сотта мемлекеттік тілде, ашық түрде қаралып жатыр.

Бұған дейінгі жағдай

Еске салайық, бұған дейін Руслан Берденов сотқа келуге міндеттелгені хабарланды. Сот отырысында судья Әбінұр Қарабаев Руслан Берденовті 6 тамызға жоспарланған негізгі сот процесіне міндетті түрде қатысуға шақырды.

Себебі Руслан Берденов алдын ала тыңдауға өзі келмеген еді. Оның өкілі Руслан Берденов ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.

Әкімдік маңындағы атыс туралы

21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Артынша күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл іс бойынша басты күдікті - Ернар Жиембай. Ашық форматта өткен алдын ала тыңдау кезінде судья Жиембайдың сот процесі барысында өзін түсіруге қарсы екенін жеткізді.


Рекомендовать
Последние новости