Bek Air ұшағы апаты: әуежай маңынан жер сатқан экс-шенділерге үкім шықты

Dalanews 14 июн. 2022 14:30 733



Алматы облысы Талғар ауданының соты Алматы қаласындағы халықаралық әуежай маңындағы "жерге байланысты айла-шарғы" туралы іс бойынша айып тағылған бұрынғы шенеуніктерге үкім шығарды.





Талғар ауданының экс-шенеуніктері 2017 жылдан 2019 жылдың аралығында әуежай маңындағы Қызылту ауылының сыртындағы жерді мемлекет иелігінен заңсыз алып, кейін пайда табу мақсатымен сатқаны үшін айыпты деп танылып, түрлі мерзімге бостандығынан айырылды. Оларға қызмет өкілетін теріс пайдалану, лауазым өкілетін немесе билікті асыра пайдалану, алаяқтық баптары бойынша айыптар тағылды.

Informburo басылымының хабарлауынша, Талғар ауданы сотының 2022 жылғы 10 маусымдағы үкімімен Талғар ауданы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы бастығы Марат Рыспеков 6 жылға; аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Мақсат Тыныбай 6 жыл 3 айға; Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов 8 жылға; Панфилов ауылдық округі әкімінің бұрынғы орынбасары Құрманхан Ғалиева 5 жылға бостандығынан айырылды.

Талғар ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімі бастығының міндетін атқарған Мадияр Қадыржан Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында жазадан босатылды.

Сот осы адамдардың барлығын мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан Fokker 100 жолаушы ұшағы апатқа ұшыраған.

Ұшақта 98 адам (бесеуі – экипаж мүшесі) болған. Апат салдарынан 12 адам қайтыс болды, 69 адам жарақат алды.


Қазақстан билігі 2020 жылғы қаңтарда Bek Air әуе компаниясының эксплуатант сертификаты мен ұшуға жарамдылығы туралы сертификаттарының күшін тоқтатты. Әуе компаниясы өкілдері әуежай маңына салынған құрылыс болмағанда адам шығыны болмас еді деп мәлімдеді.

2020 жылы Алматы облысының жемқорлыққа қарсы қызметі ұшақ апатына байланысты қылмыстық іспен қоса Талғар ауданы әкімдігі шенеуніктерінің үстінен жер телімдерін заңсыз беру және олардың пайдалану мақсатын заңсыз өзгерту фактілері бойынша екінші қылмыстық іс қозғады.

Былтыр сот Bek Air жолаушы ұшағы апатқа ұшыраған Алматы қаласы әуежайы маңындағы жерді пайдалануға заңсыз берген деген айып тағылған бұрынғы бес шенеунік пен риэлторды айыпты деп танып, үкім шығарған. Үш адамның бостандығы үш жылға шектеліп, қалғандары 2,5 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылған.

Қазақстанда кейінгі 10 жылда адамдардың өмірін әкеткен бірнеше ұшақ апаты болды:

 

  • 2021 жылғы 13 наурызда Алматы әуежайы маңындағы Қызылту ауылында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақта болған алты кісінің төртеуі қаза тауып, екеуі ауруханаға жеткізілді;

  • 2019 жылғы 27 наурызда Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Қазақстан қарулы күштерінің Ми-8 тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырады. Қазақстан қорғаныс министрлігі тікұшақта болған 13 адамның бәрінің қаза тапқанын хабарлады;

  • 2016 жылы 27 қаңтарда Алматы облысында Алакөл ауданынан Талдықорған қаласындағы ауруханаға науқас баланы апара жатқан UP-MD 600-N тікұшағы құлап, бес адам мерт болған;

  • 2015 жылы 20 қаңтарда Жамбыл облысында бортында экипаж мүшелерімен қосқанда жеті адам болған "Ан-2" ұшағы құлаған. Апаттан бір адам – жолаушы әйел ғана тірі қалды;

  • 2013 жылы 29 қаңтарда Алматы әуежайына жақын Қызылту ауылының тұсына Көкшетаудан Алматыға жолаушы әкеле жатқан Scat компаниясының CRJ-200 ұшағы құлап, 21 адам (16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі) қаза тапқан еді;

  • 2012 жылғы желтоқсанда Шымкент түбінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы апатқа ұшырап, 27 адам қаза болған.




Рекомендовать
Последние новости