Қарин? Ол Ақорданың басты стратегіне айналды - сарапшы

Dalanews 14 июн. 2022 16:02 770

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев билік иерархиясындағы Мемлекеттік кеңесші лауазымының құрылуына қатысты пікірін білдірді.

«Ата заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, Мемлекеттік хатшы лауазымы жойылып, жаңадан Мемлекеттік кеңесші лауазымы құрылды.

Бұған дейін айтылғандай, 1995 жылғы Конституцияға енгізілген Мемлекеттік хатшы лауазымының қатаң түрде белгіленген өкілеттік аясы болған жоқ. Әр уақытта нақты бір тұлғаға байланысты айқындалып отырды.

Әдетте, Мемлекеттік хатшы қызметі ішкі (кейде сыртқы) саясатқа қатысты ұсынымдар әзірлеуді қамтитын.

Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы лауазымына келгеннен кейін бұл лауазымның негізгі қызметі ретінде Президентке ішкі саясат саласында стратегиялық ұсыныстар әзірлеу болып айқындалды. Бұл сыртқы саясат, қорғаныс не болмаса айталық, спорт мәселелеріне қарағанда ақылға қонымды еді.

Осы логикаға сүйенер болсақ, конституциялық реформалар топтамасында Мемлекеттік хатшының мәртебесі мен қызметін нақтылай түсу үшін оның атауын Мемлекеттік кеңесші деп өзгерту ұсынылды», - деп жазды Данияр Әшімбаев Telegram каналында.

Оның атап өтуінше, Мемлекеттік кеңесшінің мәртебесі мен өкілеттігі Президенттің осы жылдың қаңтарында осы лауазымға айқындап берген өкілеттікпен бірдей.

Ол Президент, Үкімет басшысы, Парламент палаталары төрағаларынан кейінгі мемлекеттік хаттама иерархиясындағы бесінші лауазымды тұлға болып қала береді.


«Ерлан Қарин бірден жаңа лауазымға қайта тағайындалды. Осылайша, ол Қазақстанның соңғы Мемлекеттік хатшысы және Ақорданың басты стратегі ретінде бірінші жаңа Мемлекеттік кеңесшісі болды», - деді ол.

Сонымен қатар Данияр Әшімбаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің Ұлттық құрылтай болып өзгергенін, оның алғашқы отырысы 16 маусымда Ұлытауда өтетіндігіне назар аударды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Мемлекеттік кеңесшісінің мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын Жарлыққа қол қойды.

Ал Мемлекет басшысының тағы бір Жарлығымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 19) тармақшасына сәйкес Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі лауазымына тағайындалды.

Дереккөз: inform.kz

Рекомендовать
Последние новости