Баян табысты жұмыс істегендер ҰБТ сұрақтарына енетінін айтты

Dalanews 13 мар. 2017 16:41 785

Белгілі продюсер Баян Есентаева мемлекеттік емтихандарда аты-жөнінің аталғанын сынға алып, үлгі алмау керек деп сынағандарға жауап берді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Айта кетейік, осыған дейін бірқатар БАҚ-та педагогика ғылымдарының докторы Сайраш Жиенбаеваның "Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай ұлтқа үлгі емес" деген сұхбаты жарияланған болатын. Сол сұхбатында ғалым ҰБТ-ға Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайды қосу дұрыс емес екенін айтқан еді.
– Олар тіпті артық, орынсыз. Иә, олар шоу-бизнестің жаңа өкілдері, оларды кәсіби жетістікте және өзін дамыту ретінде мысалға келтіруге болады. Бірақ жеке өмірде екеуі де сәтсіздікке ұрынды, олар үлгі болуға жарамайды. Баян Есентаева да, Нұртас Адамбай да отбасыны сақтай алмай, ажырасқан. Қазақтарда жеке өмірін жұртқа жайып, одан шоу жасау, тіпті капитал түсіру жат, – деп мәлімдеген еді.

Осыған қатысты продюсер жауап қатып отыр.
– Мен туралы сұрақтардың мемлекеттік емтиханға түсу-түспеуі алаңдатпайды. Бірақ менің кәсіби жетістіктерім мен жеке өмірімнің байланысы алаңдатады. Менің тура сіз сияқты ажырасуға және тұрмысқа шығуға құқым бар, Сайраш Жиенбаева. Егер сіздің жеке өміріңіз қоғам назарынан тыс қалып жатса, менің жағдайымда бұл мүмкін емес, танымалдығым үшін кешірім сұраймын, бұл танымалдылық маған кәсіби қызметім арқылы келген. Онда өзім сериалын продюсерлік еткен Ұлы Күләш Байсейітованы да үлгі қылуды қояйық, ол да ажырасып, тұрмысқа шықты ғой, тағы бір ұлы тұлға Бибігүл Төлегенованы да, басқа белгілі тұлғаларды да үлгі қылмайық ендеше. Барлығы да тез ұмытылып, соңынан тас атушылардың осыншалықты тез шыға келетіні-ай. Сізге сұрағым бар, шәкіртім Жанар Дұғалова (менің ниетім мен тырысуымның арқасында) жеңімпаз атанғанда «Түрквижнде» Қазақстан туын сіз көтердіңіз бе? Әлде бүкіл ел білетін Кәмшат Жолдыбаева мен басқа да студенттеріңіздің шығармашылығына даңғыл жол ашқан сіз бе?! Бәлкім рейтингі мықты «Трактористің махаббаты», «Махаббатым жүрегімде» телехикаяларына сіз продюсер болған шығарсыз? Бәлкім қазақ қызына дұрыс тәрбие беретін, оның салт-дәстүрлерді қаншалықты білетінін тексеретін «Қазақ аруы» байқауын жыл сайын сіз өткізетін боларсыз? Емтихан сұрақтарында неге сіздің фамилияңыз жоқ? Жұмысыңыз сәтсіз болғандықтан, ешкім елемегендіктен, менің аты-жөнімді пайдаланып өзіңізге назар аудартпақсыз ба? Қолыңыздан келді! – дейді Есентаева.

Сонымен қатар, Есентаева кәсіби этиканы ұстанып, «біреудің өміріне араласпауды» өтінді. «Сізден өтінерім, кәсіби этиканы ұстанып біреудің жеке өміріне араласпаңыз, оның сізге еш қатысы жоқ. Және елдің көзінше менің жеке өмірім құрдымға кетті деп жария салу – зиялылықтың белгісі емес, сіз профессор емессіз бе?! Бәлкім керісінше, менде бәрі оңалып, енді Отаным үшін екі есе күшпен еңбек ететін шығармын, сіз бұны неге ойламадыңыз? Мен сізге жеке өміріңізге бақыт тілеймін, бақытты болған кезде менің өміріме қызықпайтын боласыз», – деп мәлімдеді ол. Еске салайық, осыған дейін ҰБТ сұрақтарына Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайдың аты-жөні қосылғаны хабарланып, кейін оған білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев түсінік берген болатын.

 

Рекомендовать
Последние новости