Баспанаң – бар бақытың!

Сағыныш Сардарова 01 авг. 2024 17:24 2120

«Отбасы банк» АҚ Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп, моноқалалар тұрғындары үшін жеңілдігі бар ипотека жобасын әзірледі. Бағдарлама білікті кадрларды өңірде ұстап қалу және тарту үшін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында құрылған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Елімізде урбанизация қарқынды жүруде. Ауылдардан, қала берді, үлкен қалалардан да тұрғындардың жаппай көшіп жатқаны жасырын емес. Әсіресе, егер елдімекендерде қала құраушы кәсіпорындар болмаса, жергілікті халық үдере көшіп,жұмыс іздеп, қалаға ағылатын тенденция бар. Моноқалалардағы көптеген салада мамандардың жетіспеушілігі осындайдан шығып отыр.

Облыстық әкімдік қарамағындағы Білім, денсаулық сақтау, ТЖ қызметі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының деректері бойынша Риддер, Алтай ауданы, Зайсан және Шемонаиха аудандарында 409 маман жетіспейді.

Расымен де, шағын қалаларда тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Мәселен, облыстық әкімдік ұсынған деректер бойынша, Шығыс Қазақстан облысының моноқалаларында 5411 адам мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға кезекте тұр. Зайсан ауданында – 1668 адам, Риддерде – 1583 адам, Алтай қаласында — 1400 адам және Шемонаиха ауданында — 760 адам.

Бірақ, шешілмейтін түйін жоқ. Өңірде «Отбасы банк» АҚ тікелей қатысуымен тұрғын үй кезегін қысқарту, түрлі сала мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ету, моноқалалардан халықтың кетуін азайту жолдары қарастырылды.

Бұл ретте Риддер, Алтай, Шемонаиха, Зайсан, Серебрянск қалаларының тұрғындары үшін жеңілдетілген несиелеудің аймақтық бағдарламасы туралы айтып отырмыз.

Бағдарлама аясында 10 пайыздық бастапқы жарнамен баспана сатып алуға мүмкіндігі беріледі. Несие бойынша мөлшерлеме жылдық 6 пайызды құрайды (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,2%-дан 6,8% дейін). Қарыздың ең жоғары сомасы 20 миллион теңгеге дейін барады. Бұл тұрғын алу жететін, әжептеуір жеткілікті қаражат. Мысалы, сол Риддерде осы сомаға сіз екіншінарықтан үш немесе төрт бөлмелі пәтер сатып ала аласыз. Маңыздысы сол, клиент бағдарлама аясында бастапқы және қайталама нарықта жылжымайтын мүлік сатып ала алады.

Бағдарламаға бастама берген меморандумға Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының басшылығы 31 шілдеде қол қойды.

– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты халыққа жолдауында Отбасы банкінің қызметін бірінші кезекте аудандардың, моноқалалар мен ауылдардың тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге қайта бағыттаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл жұмыс банкте жоспарлы түрде жүргізілуде,-дейді «Отбасы банк» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Назигүл АҚҚҰЛОВА.

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін банк пен әкімдік әрқайсысы миллиард теңгеден бөледі.

Бағдарламаның бастамашылары өтінімдерді қабылдау күні мен қатысушыларды іріктеу туралы мәліметтерді кейінірек жариялайды.

Айта кетейік, бұл сұранысқа ие мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған аймақтағы алғашқы бағдарлама емес. Жыл басынан бері жылу энергетикасы саласындағы мамандарды қолдау бағдарламасы іске қосылды. Бұл жоба «Шығыс маманы» деп аталады.

Шарттары – бастапқы жарна 10 пайыз, несие мөлшерлемесі – 5 пайыз (ЖТСМ 5,2% бастап 5,7% дейін).

Бүгінде өңірдегі жылумен жабдықтаушы кәсіпорындардың 13 маманы қоныс тойын атап өтті, тағы үшеуі несиені рәсімдеу сатысында.

– Мен пәтерді бағдарламаның арқасында алдым және бұған өте ризамын! — дейді осы кәсіпорында 13 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан «Алтай қаласының жылу орталығы» КМК электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтері Оксана ЩЕГАЛЕВА. — Мен өз пәтерімде тұрамын. Бұрын мен баспана жалдап, бейтаныс адамдарға төлейтін едім, енді өзім үшін төлеймін! Бағдарламаның шарттары өте жақсы, қолайлы. Әрине, мен әріптестеріме егер алдағы уақытта бағдарлама іске асса, оның қатысушысы болуды ұсынар едім. Мен бәрін реттедім, кезең-кезеңімен және қалай тез рәсімдеу керектігін айта аламын. Жалғыз тілегім– бағдарламаға қатыса алатын мамандар тізімін кеңейту.


Рекомендовать
Последние новости