Астанада Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға қатысты үкім шықты

Көркем Алдабергенова 26 июл. 2024 15:14 4438

Астанада Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты отбасы-тұрмыстық қатынастар бойынша құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материалды қарады (ӘҚБтК 73-бабының 1-бөлігі).

Іс материалдарына сәйкес, Әтешова отбасылық жанжал барысында бұрынғы жұбайына қатысты былапыт сөздер айтқан.

Сотта ол өз кінәсін мойындамады. Ол бұрынғы жұбайын былапыт сөздермен қорламағанын, тек былапыт сөздер түріндегі етістікті қолданғанын түсіндірді. Сонымен бірге бұрынғы жұбайының үйде заңсыз болып, оны арандатқанын жеткізді.

ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігінің санкциясы ескерту жасау не 5 тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады. Әтешованың балалары бар және ол қамаққа алу қолданылмайтын адамдар санатына жатады.

Әтешованың кішкентай балаларының болуы және құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сот ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданып, келіншекті ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости