Қазақстанда банктер 2025 жылдың сәуірінен бастап халықаралық төлем карталарын басып шығаруды шектеді. Әсіресе, шетел азаматтарына карта рәсімдеу тәртібі күрделенді. Бұдан кейін Қазақстандағы ресейліктер банк картасын қолдануда бірқатар қиындықтарға тап келетіні болжанған. Расында, банктер қабылдаған шектеулер туристерге айтарлықтай әсер етті. Алайда, Қазақстанда Мир картасымен операциялар жасайтын бір банк бар болып шықты. Сондай-ақ ресейліктердің Union Pay картасы елімізде екі банкте жарамды саналады екен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мир картасын Қазақстанда ВТБ қабылдайды. Сондай-ақ ресейліктердің Union Pay картасын Азия-Тынық мұхит банкі және Россельхозбанкте қолдана беруге болады" деп жазады FrankMedia ресейлік туристің сөзін келтіре.
Ел аумағында ресейлік рубльмен төлем қабылданбайды. Қонақүй, сауда орталығы және туристік орындарда тек теңге ғана жарамды. Алайда рубльді теңгеге айырбастау түк қиын емес. Дегенмен, Қазақстандағы бағам Ресейдегіге қарағанда сәл тиімсіздеу болуы мүмкін.
"Мәселен, 100 теңгені Ресейдегі "Сбер" 15,31 рубльге бағаласа, Қазақстандағы ВТБ банкі 14,72 рубльге айырбастайды. Ал Altyn Bank ұсынған бағам – 15,82 рубль. Ірі соманы айырбастағанда осы айырмашылық білінеді", - дейді ресейлік турист.
Қазақстанда қандай карталар жарамды?
Қазіргі уақытта "Мир" картасы тек ВТБ банкінің қазақстандық бөлімшесінің банкоматтары мен терминалдарында қолданылады.
"Оларды тек ірі қалалардың халық көп жиналатын орнынан табуға болады. Ақша шешу тегін, бірақ басқа банктер санкция қаупінен бұл картаны қабылдамайды. "Мир" картасымен кейбір қонақүйлер мен дүкендерде төлем жасауға болады. Қонақүйлердің шамамен үштен бірі бұл картаны қабылдаса, дүкендер көлемі одан да аз. Сондықтан қолда әрдайым қолма-қол теңгенің болғаны дұрыс. Алайда "Яндекс Такси" сияқты кейбір онлайн сервистер "Мир" картасын әлі де қабылдайды", деп басылым Қазақстандағы ресейлік туристер пікірін алға тартады.
Union Pay карталары
2025 жылы Қазақстанда ресейлік екі банк – АТБ (Азиатско-Тихоокеанский Банк) және Россельхозбанктің (РСХБ) Union Pay карталары қолданылады.
"АТБ карталары барлық жерде еш шектеусіз жұмыс істейді. Ал РСХБ карталары тек Huawei Pay жүйесі арқылы смартфон немесе смарт-сағат арқылы төлем жасауға жарамды. Бірақ, Еуроодақтың санкциясының жаңа легі (18-пакеті) қабылданған соң, бұл карталардың да мүмкіндігі шектелуі мүмкін. Шетелдік Union Pay карталары барлық жерде жарамды. Бірақ кейде Kaspi Bank терминалдары мен Kaspi Pay жүйесінде техникалық қиындықтар туындап қалып жатады".
Visa және Mastercard
Ресей банктері шығарған Visa мен Mastercard карталары Қазақстан аумағында жарамсыз. Ал шетелдік Visa мен Mastercard еш шектеусіз жұмыс істейді. Қазақстан банктерінде шетелдіктерге осы карталарды ашуға мүмкіндік, бірақ ол бір жылға ғана жарамды.
"Золотая корона" жүйесі
Бұл жүйені ресейліктер қазақстандық картаға ақша аударуда пайдаланады. Комиссия мөлшері – аударым сомасының 1%-ы, бірақ 0,95 еуродан аспайды.
Қазақстанда карталардан ақша қалай шешуге болады?
"Мир" картасынан ақша шешу үшін ВТБ банкоматтары мен кассалары керек. Ресейлік карталардан ақша тегін шешіледі. Тәуліктік лимит – 5 млн теңге. Шетелдік және Union Pay карталарынан барлық қазақстандық банкомат пен банк кассаларында ақша шешуге болады. Комиссия көлемі – шамамен 0,5-1% аралығында. Банктердің лимиті әртүрлі: ЦентрКредит Банкте тәулігіне 1,3 млн теңге, Freedom Bank айына 500 мың теңгеге дейін ғана ақша шешуге мүмкіндік бар. Қазақстанға қолма-қол ақшалай 10 мың доллар (немесе соған балама сома) алып кіруге рұқсат. Егер сома бұдан көп болса, кеденде декларация толтыруға тура келеді. Ақша айырбастау орындарында бағам жалпы тиімді, бірақ барлық жерде рубль қабылдай бермейді. Әсіресе, Астанадан тыс жерде қиындықтар туындауы мүмкін. Кейбір ақша айырбас орындары ірі соманы айырбастағанда шектеу қойып, қосымша құжат сұратуы мүмкін. Мұндай тәуекелді болдырмау үшін рубльді теңгеге Ресейде айырбастап алған жөн. Әсіресе, ірі іс-шара немесе концерттер алдында ресейлік туристердің теңгені жаппай сатып алуы байқалады, мұндайда теңге Ресейдің өзінде таусылып қалуы мүмкін", - дейді ресейлік туристер.