Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары

Dalanews 27 окт. 2017 11:38 4051

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының мақсат-мүддесі мен ғасырлар бойы қапаста жатқан арманын жүзеге асыруды өздеріне парыз санаған – Алаш қайраткерлері екендігі дау тудырмайды. 1905-1917 жылдары өрістеген Алаш қозғалысы аясында қазақ зиялыларын бір мақсат-мүддеге жұмылдырған ұлттық-демократиялық «Қазақ» газетін шығарып, «Алаш» партиясын құрып, өз алдына тәуелсіз мемлекеттік құрылым «Алаш» автономиясын жариялаған, Алаш қайраткерлерінің идеялары мен жүзеге асырған істері бүгінгі тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жалғасын тапты.

Қозғалыстың басында оқыған, саяси сауатты, ең бастысы – ұлтын сүйетін ұлы тұлғалар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, М.Тынышбаев, Б.Қаратаевтар мен олардың ізін басқан: С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Шоқай, Т.Рысқұлов сынды саңлақтар тұрды. Олар ұлты үшін аянбай қызмет етті, көздегені – халық мүддесі, мақсаты – жастарды ұлттық дүниетаным негізінде оқыту, ана тілін дамыту болатын.



«Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру орталығы мен Алматы қаласы Орталықтандырылған Кітапхана жүйесі №6 кітапхана бөлімшесі, №64 мектеп және №53 мектеп гимназиясы бірігіп, Алаш Орданың 100 жылдығына орай кездесу кешін өткізді. Кездеу кешінің мақсаты: Қазақстан қоғамын жаңғыртуда Алаш қозғалысының тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын, Алаш арыстарының еңбегін жас ұрпаққа насихаттау.

Кездесу кешінің арнай қонақтары: Алаштың қоғам қайраткері, белгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлының жиені Айман Қабиденқызы, тарихшы Ғани Меңлібаев, «Кенесары хан» қоғамдық қорының директоры, қоғам қайраткері Мұхтархан Абаған, «Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Берік Ағыбаев қатысты. Айман апай балаларға атасы туралы естеліктерін айтып берді. Тарихшы Ғани Меңлібаев Алашорда, Алаш қайраткерлері туралы тарихи деректерге тоқтала отырып, сол кездегі тарихи кезең туралы шолу жасады, қоғам қайраткері Мұхтархан Абаған Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметтері жайында сөз қозғады.



Оқушылар Алаш орда азаматтарының жалынды жырларын оқып, қатысушыларды бір жігерлендіріп алды. Осыдан 100 жыл бұрын құрылған Алаш орда арманының бүгінгі көрінісі – Тәуелсіз Қазақстан. Ал осы Тәуелсіз Қазақстан сол арыстардың бізге қалдырған аманаты. Алаш идеясын бүгінгі жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында өткізілген осындай іс-шаралардың маңызы қашан да жоғары болмақ.

Кеш барысында оқушыларға Алаш қозғалысы жайында естеліктер айтылды. Алаш идеясын бүгінгі жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында өткізілген кездесу жас жеткіншектердің зердесінде қалары сөзсіз. Алаш арыстары көсемсөзде, ақындық өнерде, кәсіби маман ретінде де арттарында өшпестей із қалдырды. Олардың еңбектерін терең де түбегейлі зерттеу қазіргі күннің, бүгінгі жастарымыздың еншісінде. Өз заманындағы озық біліммен қаруланып, түрлі кәсіби маман иелері ретінде Алаш зиялыларының қай қырын алсақ та бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге. Бұл ұлтымыздың жасампаздық рухын ояту үшін аса қажет. Аз санды Алаш зиялыларының сол бір тарихи сын сағатта шамаларының жеткенінше, өз мүмкіндіктерін сарқа жұмсап, ұлттың мүддесі үшін әрекет жасауға ұмтылуы, ерен ерлікке сай. Бұл кезеңнің тарихы тағылым мен сабаққа толы. Мұның бәрі бізге тарихтан сабақ алуға, өткеннен тиісті қорытынды жасай білуге шақырады. Кездесу соңында «Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Берік Ағыбаев мырза кеш қонақтарына Алматы қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Алашорданың 100 жылдығына орай шығарылған «Бес арыс» атты кітапты сыйға тартты.


Хадиша ЖҰМАДІЛ, №6 кітапхана қызметкері


Рекомендовать
Последние новости