Әйгілі Асанәлі Әшімов 85 жаста: Ол жетекшілік ететін театр ШҚО-ға келді

Dalanews 06 дек. 2022 15:11 656

Өткен аптада әйгілі актер Асанәлі Әшімов өзінің 85 жасқа толған мерейтойы аясында Шығысқа келді. 

Қазақ өнерінің жарық жұлдызы, КСРО-ның халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімовтің 85 жылдық мерейтойы аясында Өскеменге гастрольдік сапармен келген «Жаңа ғасыр» ұжымы көрермен назарына төрт спектакль ұсынды деп жазды "Дидар" басылымы.

«Жаңа ғасыр» – жас театр. Театр менеджері Саламат Өтешовтің айтуынша, театр 2018 жылы Асанәлі Әшімовтің жетекшілігімен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Алматы әуендері» мекемесі жанынан құрылған.

– Биыл театр және кино актері, аңыз адам Асанәлі Әшімов ағамыз  85 жасқа толып отыр. Театр ұжымы осы тойды республика аумағында тойлап, сол тойды халықпен бірге атап өтуді жөн көрді. Қазір мерейтой аясында Алматы қаласы мәдениет басқармасының қолдауымен еліміздің түкпір-түкпірін гастрольдік сапармен аралап жүрміз. Сапарымызды Жамбыл облысынан бастадық.

Содан кейін Оңтүстік Қазақстан, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау облыстарында жалғастырдық. Алдағы бір айда Астана, Павлодар, Көкшетау, Талдықорған сапары тұр. Шығыс халқымен кездесуге Асанәлі Әшімовтің өзі келді, – деді театр менеджері Саламат Өтешев.

Бір атап өтерлігі, «Жаңа ғасыр» театрының актерлері бірге оқыған курстас, достар екен.

– Жоғары оқу орнын бітіргенімізге бес жыл болды. Бітірген жылы барлығымыз осы театрға жұмысқа орналастық. Содан бері біргеміз.  Ешкім ешқайда кеткен жоқ. Театрдың негізін қалаған қыз-жігіттер әлі күнге дейін осы театрда еңбек етіп келеміз, – дейді Саламат Өтешев.


«Жаңа ғасырлықтар» Шығысқа төрт қойылым әкеліпті. Бірінші күні көпшілік қауым әлемге танымал «Король Лев»  шығармасы мен әлемдік классикалық туынды Иоганн Штраустың «Жарқанат» поэтикалық комедиясын, екінші күні осы театрдың актері әрі режиссері Елдар Ташкенбайдың жоғары сынып оқушылары арасындағы мызғымас достық пен алғашқы мөлдір сезім туралы сыр шертетін «Соңғы қоңырау» поэтикалық комедиясын, сондай-ақ ақын, драматург Бақыт Беделханның Асанәлі Әшімовтің өміріне негізделген «Тағдыр тақтасы» атты қойылымды тамашалады.



Спектакль соңында сахнаға Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған А.Қоразбаевтың «Жан балам» әнін шырқап Асанәлі Әшімовтің өзі шықты. Залда жиналған қауымға бір ауыз жылы лебізін білдірді.

– Қазақ болып туғаныма қуанамын. Әсіресе, оның өнерін қуғаныма қуанамын. Сахнадан, экраннан жақсы кейіпкерді жасап, өмірге қайта туа алам. Қазағымның кең байтақ жеріне қуанам. Кірленген көңілімді таза ауамен жуа алам. Басыма қандай қайғы-қасірет түспесін, белімді бекем буа алам, – деп өлеңдеткен актер Шығыс жұртына шынайы алғысын жеткізді.

– Бұл – менің өнерді алғашқы бастаған өңірім. Жиырма жастағы кезімде осы өңірде «Асау Ертіс жағасында» атты фильмге түскен болатынмын. Елмен танысып, театрын, өнерін көріп қайтқан едім сонда. Ол өмірімнің бастамасы еді. Сондықтан да бұл өңір маған әруақытта ыстық, – деген Асанәлі Әшімов өзі жетекшілік ететін театр актерлеріне де ризашылығын білдірді.


Кездесу соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Н.Ахметжанов облыс әкімі атынан әйгілі актер мен оның жұбайына  шапан жауып, сый-сияпат табыс етті.

Рекомендовать
Последние новости