"Автонесиелеу көлемі 1 жылда 36%-ға артты". Елімізде жүрген көліктердің әрбір екіншісі несиеге алынған

Кәмшат Тілеухан 19 июн. 2025 11:38

Автонесиелеу нарығында тұтынушылық белсенділіктің өсімі байқалады. Сарапшылар бұған автосалондардың маркетингтік іс-шаралары, бірқатар акциялық өнімдердің ұсынылуы, қарыз алу рәсімдерін цифрландыру, ҚЖК-дан (қарыз жүктемесі коэффиценті) босату сынды факторлар түрткі екенін айтады. Қазақстанда 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында 483 млрд теңге сомаға 213 мың автокредит беріліпті. Бұл - 2024 жылғы осыған ұқсас кезеңмен салысытырғанда 36%-ға (156 мың) және қаражат көлемі бойынша 22% -ға (395 млрд теңге) артық көрсеткіш. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Талдау орталығының аталған нарықтың 2025 жылдың І-тоқсанындағы есебіне жүргізген шолуында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Автонесиелеудің неғұрлым қарқынды өсімінің арқасында (осы жылдың 3 айында халыққа берілген жаңа қарыздар 9%-ға өсті) берілген бөлшек кредиттердегі оның үлесі бір жыл бұрынғы 10,2% көрсеткіштен 12,7%-ға дейін ұлғайды. Еліміздегі автомобиль бағасының қалыпты өсімі (+4%) аясында 2025 жылдың бірінші тоқсанында автокредиттің орташа мөлшері шамалы өсті: 6,4 млн теңгеге (+2%) дейін", - дейді сарапшылар.

Автонесие алушының портреті

3-10 млн теңге диапазонындағы қарыздар бір жыл бұрынғы 66,4%-дың орнына 75,2% -ды құрады. Бұл еліміздегі автомобиль бағасының қалыпты өсімін де, сұраныстың қолжетімді модельдерге қатысты артуын да танытады, әсіресе автодилерлер арасындағы бәсекелестіктің күшеюі жағдайында. Яғни, автонесие алушылар, негізінен, құны 3-10 млн теңге аралығындағы көліктерді таңдаушылар.

Автонесие беру шарттары қатаңдаған

"Бәсекелестіктің күшеюі және акцияға қойылған өнімдер санының артуы аясында баға шарттары жақсара түсуде: автонесиенің орташа сыйақы мөлшерлемесі 14,8%-ға дейін төмендеді, яғни базалық мөлшерлеме деңгейінен айтарлықтай төмен екенін баса айта кетелік. Автонесиеге берілген өтінімдердің мақұлданған үлесі 18,5%-дан 15,7%-ға дейін төмендеп, бөлшек несиелеу бойынша орташа деңгейден (26,6%) айтарлықтай төмендеді Бұл қатаң ақша-несие саясаты аясында қарыздарды мақұлдаудың неғұрлым консервативті тәсілін, бөлшек бизнестен түсетін салықтардың өсуін, төлемге қабілетті қарыз алушылар санының азаюын көрсетеді", - дейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары.

Нарық бойынша портфельдің сапасы салыстырмалы түрде тұрақты болып саналады (мерзімі өткен несие - 3,2%), бөлшек кредиттеу бойынша жалпы деңгейден жақсы. Бұл қарыз алушыларды іріктеудің неғұрлым қатаң критерийлеріне, автокөліктер түрінде кепіл заттың болуына және кірістерді ұлғайту үшін көліктерді пайдалану мүмкіндігіне байланысты (такси саласында, курьерлік және логистикалық қызметтерде). Сонымен қатар халықтың табысындағы автокредиттер бойынша ай сайынғы төлемдердің үлесі төлемнің орташа мөлшеріне қатысты жалақының неғұрлым жақсы өсуінің арқасында төмендеді (27,7-ден 24,2%-ға дейін).

2025 жылдың ІІ-тоқсанында автонесиеге сұраныс күрт артады деп болжанады

"Автонесиеге сұраныстың артуына және елімізде тіркелген автомобильдер санының маусымдық сипатта төмендеуіне байланысты І-тоқсандағы барлық тіркелген кредиттік мәмілелердің үлесі бұрынғы 42,6%-ға қарағанда 52,7%-ға жетті. Еліміздегі автомобильдер өндірісі 2025 жылдың үш айында дәстүрлі түрде 32,3 мың бірлікке дейін баяулады (2024 жылғы төрт айдағы өндіріс 54,3 мың болған). Сондықтан өндірілген автокөліктердің үлесі тіркелген автонесиелердің жалпы санынан бұрынғы 10% көрсеткішінен 8% - ға дейін төмендеді. 2025 жылдың ІІ-тоқсанында сыйақы мөлшерлемелерінің одан әрі төмендейді деп күтілуіне байланысты сұраныстың шамалы өсетіні болжанады. Бұл ретте қатаң скоринг пен қарыз алушыларды іріктеу өсімді шектеп ұстау рөлін жалғастырады", - дейді қауымдастық сарапшылары.

Айта кетсек, соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда тіркелген көлік саны 6,3 миллионға жеткен.


Рекомендовать
Последние новости