Өткен аптада Қазақстан Парламенті жаңа алым түрін қызу талқылай бастады. Бұл жолы мобильді телефондар саласындағы төлемдер пайда болып отыр. Депутаттардың айтуынша, ұсынылып отырған жүйе бойынша әрбір әкелінген құрылғы үшін жеке меншік компания 4 мың теңге алмақ.
Халық қалаулыларының наразылығы орынды. Себебі экологиялық алым сылтауымен монополия құру әдеті әлі де жойылмаған. Бұл жалғыз мысал емес. Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігі "Букмекерлік ставкаларды есепке алудың бірыңғай жүйесі" атты жобаны ілгерілетіп жатыр. Бұл жоба да жеке меншік компанияға берілмек. Жүйенің мақсаты - букмекерлік бизнесті толық бақылауға алу. Алайда, шын мәнінде бұл жобаның артында бірнеше ай бұрын ғана тіркелген, штаты да, инфрақұрылымы да жоқ белгісіз фирма тұрғаны анықталды.
Реформа деген желеумен ескі схемалар қайта ұсыныла бастады
Қазақстан банктеріне "жаңа" жүйе туралы ұсыныспен бейтаныс бір компания келіп, олардан резерв сұрауда. Бұл ұсыныс отандық қаржы секторы өкілдерін таңғалдырды. Себебі, букмекерлік ставкаларға қатысты төлемдерге бақылау ресейлік тамыры бар құрылымға берілмек. Осылайша, "Бірыңғай есеп жүйесі" (БЕЖ) деген атаумен бұрынғы "ЦУПИС" қайта оралғаны белгілі болды. Бұл жолы ол тек отандық бренд түрінде ұсынылған.
Ең таңғаларлығы, бұл жүйені кезінде "ескі Қазақстанның архаизмі" деп сынаған сол депутаттар енді оны қызу қолдап отыр. Ресми идеясы дұрыс, мемлекет букмекерлік бизнестің көлеңкелі айналымын ашық қылып, кірістің бір бөлігін спортқа бағыттағысы келеді. Қағаз жүзінде бәрі қисынды көрінеді. Бірақ ар жағы басқа. БЕЖ мемлекет пен букмекерлер арасындағы техникалық делдалды қайта енгізу әрекеті екені даусыз.
2020 жылы Мәдениет және спорт министрлігі букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың айналымынан 4% ұстайтын жеке "Ставкаларды есепке алу орталығын" енгізбек болды. Бұл делдал компания тек "ақпараттық шлюз" рөлін атқарды, ешқандай нақты қызмет көрсетпей миллиардтаған теңге жинады. Аяғы жанжалмен аяқталған еді. ЦУПИС басшысы спорт вице-министріне құны миллиондаған теңге тұратын сөмке сыйлаған. Екеуіне де айыппұл салынып, компания жабылып тынды. Артынан «Қаңтар оқиғасы» басталып, бәрі ұмытылып кетті.
Бірақ бір жылдан соң бұл идея қайта тірілген сияқты. Қазір жүйені мемлекеттік құрылым басқарып отырғандай көрінеді, ал комиссия 1%-ға төмендетілген. Алайда, бұл жағдайда да кіріс жылына 13–15 млрд теңгені құрайды. Ең басты мәселе миллиардаған ақшаны бюджеттен тыс жеке жинайтын делдалда.
Бұл жүйе - тек есеп емес, букмекерлік ставкалардан түсетін барлық қаржы ағындарын орталықтандыру құралы. Жаңа монополияны лудоманиямен күрес деген сылтаумен заңдастырып, басқаруды ресейлік IT-шешімге негізделген сыртқы операторға беріп отыр. Бұл тек экономика мәселесі емес. Бұл Қазақстанның цифрлық егемендігіне төнген нақты қауіп.
Бізге таныс схема қолданылған. Сенімді тұлғалар тіркеген ЖШС құрылып, оған міндетті төлемдерді жинау құқығы беріледі. Мұндай компаниялар Жоғарғы аудиторлық палатаның тексерісіне ілінбейді және бюджет заңнамасынан тыс өмір сүреді. Ал халық пен бизнес төлеп жатқан жаңа алымдардың қайда кетіп жатқанына ешкім бас қатырмайды.
Өкінішке орай, мұндай схемалар ел экономикасына кемінде екі бағыт бойынша зиян келтіреді. Біріншіден, мұндай алымдар тауар мен қызмет құнына қосылады. Соның кесірінен телефон, сақтандыру, автокөлік, ставкалар бәрі бірден қымбаттайды. Екіншіден, бағаның бұрмалануына байланысты мемлекет инфляциямен тиімді күресе алмайды. Баға өскендіктен, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені түсіре алмайды. Соның салдарынан несиелер қымбаттап, халық қарызға бата береді. Нәтижесінде мұндай схемалардың артында тұрған дөкейлер жақсы өмір сүруі үшін бүкіл халық қиналатын болады.