Ауғандық ардагерлер «Айбын» орденіне ие болды

Dalanews 09 мая 2019 04:35 828

Алматы облыс әкімі Амандық Баталов Отан қорғаушылар мерекесіне орай Ауған соғысының ардагері Қазбек Бейісбековке ІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады.

Облыс әкімі А.Баталов алдымен жиналғандарды қатар келген қос мереке – Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтап, аталмыш мейрамдардың алатын орны мен маңызын атап өтті. Президент Жарлығымен бірқатар жетісулық Отан қорғаушылар күнінде мемлекеттік наградалар мен әскери атақтарға ие болғанын, соның ішінде ауғандық ардагер, «Алматы облыстық Ауған соғысы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Қазбек Бейісбековке ІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілгенін тілге тиек ете келе, марапат иесінің кеудесіне награда тақты. Айта кетсек, Қазбек Бейісбековке аталмыш награда әскери және қызмет бабындағы парызын өтеудегі көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғауда жасаған ерлігі үшін ұсынылды.

–  Отан қорғаушылар күніне орай берілген үлкен марапатың құтты болсын!  Ауған соғысындағы ерлік істеріңе, бүгінгі бейбіт өмірдегі атқарған еңбектеріңе көрсетілген лайықты құрмет деп білемін. Бұдан былай да облыстың қоғамдық-саяси өміріне, жетістіктері мен жеңістеріне, тыныштығы мен береке-бірлігіне атсалысады деп сенемін, – деді А.Баталов. Облыс әкімі сонымен қатар Ауған соғысы ардагерлеріне жасалып отырған қамқорлық шараларын айта келе, қалада салынған коттеджді қалашықтан көпбалалы және аз қамтылған отбасыларымен бірге бірқатар ауғандық ардагерлерге де тұрғын үй берілетінін атап өтті.

Өз кезегінде Қазбек Бейісбеков төсіне тағылған бұл награда тек өзіне ғана емес, бүкіл Алматы облысының қоржынына түскен марапат, бүкіл қаруластарына көрсетілген құрмет, барша ауғандық ардагерлердің қуанышы екенін айтып, ел азаматтарына ризашылығын білдірді.

Марапаттау рәсіміне келген «Алматы облысы жергілікті соғыс және Ауған ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Барлыбаев, «Алматы облыстық Ауған соғысы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Жанабаев, Ауған соғысың ардагері Мұрат Мейірбеков, шараға қатысқан облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов те өздерінің тілектерін жеткізіп, ықыластарын білдірді.

Атап өтсек, бүгінгі күні Алматы облысында 1876 ауғандық ардагер бар. Олардың басын қосып отырған 5 облыстық қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Ауған соғысы ардагерлері жастарды елжандылық рухта тәрбиелеу ісіне, түрлі қоғамдық, спорттық шаралар ұйымдастыруға белсене атсалысып жүр. Мәселен, алдағы уақытта Ауғанстаннан әскердің шығарылғанына 30 жыл толуына орай волейболдан турнирлер, автосайыс ұйымдастыру жоспарланған.



Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости