Баталов Қарасай ауданындағы спорт кешендерінің құрылысымен танысты

Dalanews 17 мая 2019 04:33 861

Күні кеше ғана Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қарасай ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Әкімнің назарына Қарасай ауданына қарасты Райымбек пен Шамалған ауылында салынып жатқан спорт кешендерінің құрылыс жұмыстары бірден ілікті.

Спорт кешендерінің құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс басшысы құрылысты белгілеген мерзімде тапсырып, ауыл тұрғындарына сый жасаудың маңызы зор екенін атап өтті.

Райымбек ауылында бой көтеріп келе жатқан  спорт кешені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатыр. Қазіргі таңда елімізде мемлекет пен жекелеген кәсіпкерлер әлеуметтік нысандар салу ісін жолға қойғаны белгілі. Алматы облысында бұл бағытта көптеген балабақшалар салынып, өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласы жоғары деңгейде дамыған.

Райымбек ауылында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың 19-қаңтарында басталған болатын. Егер жұмыс барысы жоспарға сай жүрсе, қоңыр күзде ауыл тұрғындары жаңа спорт кешенінің игілігін көретін болады. Өз кезегінде Амандық Баталовқа  жергілікті билік өкілдері спорт кешенін салуға 1,69 гектар жер телімін бергендерін тілге тиек етті.

– Спорт кешені үш бөліктен тұрады. Жоба бойынша ғимарттың бірінші қабатында жастарды бокс пен күреске баулитын залдар орналасса, екінші қабатта жаттығу және бильярд залы жұмыс істейтін болады. Кешеннің техникалық бөлігінде, яғни жертөлесінде касса, демалыс бөлмесі,  жаттығушылардың киім ауыстыратын, массаж жасайтын және жуынатын бөлмелері орналасады. Ал спорт кешенінің үшінші бөлігінде 300 орынға арналған әмбебап зал жұмыс істейді. Мұнда жастар волейбол, баскетбол, гандбол және шағын-футбол ойнап, шыныға алады, – деп құрылыс компаниясының өкілдері облыс әкіміне спорт кешені жайында қысқаша айтып берді.

Қазіргі таңда нысанның шұңқыры қазылып, бетондау жұмыстары мен металл құрастырмалары толықтай аяқталған. Құрылыс жұмыстармен жіті танысқан Амандық Баталов мердігер компанияға бірқатар ескертулер жасады.

– Меніңше, құрылыс басындағы жұмысты ширатып, қарқынды тиімді бағытта ұйымдастыру керек. Сонымен қатар жұмысты сапалы атқаруға баса мән беріңіздер, – деді облыс әкімі.

Бұдан кейін Амандық Баталов Шамалған қаласында салынып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешенінің жұмысымен де танысты. Жалпы аумағы 7 300 шаршы метрді құрайтын кешеннің жұмысы аяқталуға таяу.  Алты бөліктен тұратын спорт кешенінде 300 адамға арналған әмбебап залда жастардың волейбол, баскетбол, гандбол және шағын-футболмен айналысуына жағдай жасалынған. Сонымен қатар спорт кешенінде шамалғандық өрендердің шығыс жекпе-жегі, бокс, күреспен айналысуына болады. Ең бастысы, мұндай ересектер мен балаларға арналған бассейн бар.

Атшаптырым аумақты алып жатқан жаңа спорт кешені Шамалған ауылы тұрғындарының спортпен айналысып, денсаулықтарын жақсартуына кеңінен жол ашады. Спорт кешенінің құрылыс жұмысымен танысқан облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы спорт кешеніне кіріп, шығу аумағын кеңейтуді, кешеннің алдына көрік беретін көшеттер мен көгал егу мәселесіне де баса мән беру керек екенін ескертті. Облыс әкімі спорт кешенінің қоршауы мен жарықтандыру жүйесі заман талабына сай жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар спорт кешенінің «Үшқоңыр» деген атауын латын тілінде жазып қоюды ұсынды.

Амандық Баталов ғимараттың ішін кірген сәтінде бассейн орналасқан бөліктің қабырғасына ақпараттық LED-экран мен қабырға сағаттарын орнатуды, басқа да қажетті керек-жарақтарды ұмыт қалдырмауды тапсырды. Кездесу соңында Амандық Баталов, жалпы алғанда, жұмыстар өз деңгейінде атқарылғанын айтып, ризашылығын білдірді.

Қазіргі таңда кешенді сылау ісіне 250 адам жұмылдырылған. Бүгінде «Úshqońyr» денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ішкі жұмыстарының 95 пайызы, сыртқы жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Құрылыс жүргізіп жатқан мердігерлер облыс әкіміне 30 маусымға дейін жұмыстарды толықтай аяқтап, спорт кешенін халықтың игілігіне беруге уәде берді.

 

Айнұр ЖҰМАХАН

 

Рекомендовать
Последние новости