Атырауда “ҚазТрансОйл” менеджерлері 6 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді – Козачков

Қаракөз Амантай 21 июл. 2025 10:03

Атырауда “ҚазТрансОйл” ұлттық компаниясының топ-менеджерлері 6 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен тергеліп жатыр. Бұл туралы белгілі журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, сот процесі даулы әрі резонансты сипатқа ие болғанымен, тыныш өтіп жатыр. Ал күдікке ілінгендердің қатарында “Магистральды су құбыры” ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Берік Салпек және оның орынбасары Асқар Күлтұмиев бар.

“Атырауда үлкен дауға ұласуы мүмкін сот процесі басталды”, – деп жазды Козачков.

Журналистің мәліметінше, күдіктілер 2020 жылы басталған “Астрахань – Маңғыстау” магистральды су құбырын жаңғырту жобасы аясында ірі көлемдегі қаржыны қолды қылған. Аталған жоба – Қиғаш өзенінен Атырау мен Маңғыстау облыстарына ауызсу жеткізетін маңызды инфрақұрылым.

Козачков “ҚазТрансОйл” ұлттық компаниясы жобаны іске асыру үшін 17 миллиард теңге бөлгенін, ал құбырларды ауыстыру барысында құнның негізсіз 6,5 миллиард теңгеге көтерілгенін жазады. Оның айтуынша, құжат жүзінде отандық өндірушінің бағасы көрсетілгенімен, іс жүзінде құбырлар Ресейден әлдеқайда арзан бағаға сатып алынған.

“Бағасы бойынша бәрі отандық өндірушіден алынғандай жазылған, ал шын мәнінде тауар Ресейден келіп, едәуір үнем жасалған”, – деп атап өтті журналист.

Козачков ақша кейін бірнеше жалған компания арқылы айналымға жіберілгенін, ал Берік Салпек сол қаражатқа өзінің ұшақ билеттерін төлегенін және үшінші бір адамның шотына 11 миллион теңге аударғанын жазады.

“Берік Салпек мердігер компанияның қаржысын өз ақшасындай жұмсаған: ұшақпен ұшуына 5 миллион, тағы 11 миллионын басқа адамға аударған”, – дейді Козачков.

Алайда бұл іс сотқа жеткенімен, Атырау қалалық қылмыстық істер жөніндегі соттың судьясы Нұртас Бүлекбаев істі қылмыстық-процестік заңбұзушылықтар анықталғаны үшін прокуратураға қайтарып жіберген.

Журналистің сөзінше, күдіктілердің ешқайсысы қамауға алынбаған. Олар бостандықта жүр, ал Асқар Күлтұмиев әлі де сол қызметін атқарып отыр, ал Берік Салпек 2024 жылы көктемде “ҚазТрансОйл”-да жаңа қызметке – коммерция жөніндегі басқарушы директор лауазымына тағайындалған.

“Бұл өте оғаш көрінеді. Дүкеннен ойыншық ұрласаң, бірден СИЗО-ға кетесің, ал 6 миллиард теңге ұрласаң, тек елден шықпауға қолхат жазасың”, – деп түйіндеді журналист.


Рекомендовать
Последние новости