“Үш пәтер ұсынды”. Сәкен Мамаштың бұрынғы жары үкімге қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 18 июл. 2025 17:17

Сәкен Мамаш тарапынан көрген азаптау мен қысым туралы алғаш болып жария еткен Карина Госман соттың үкімінен кейін пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz Информбюро арнасына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Мамаш соңына дейін кінәсін мойындамаған.

“Жылдар бойы да, сот процесі барысында да мені үнемі манипуляциялап, қысым көрсетіп келді. Бұл – кек емес, бұл – әділет. Ол енді түсінеді деп үміттенемін. Ал мен бұған дейін ескерткенде, ол тек күлетін”, – деді Госман үкім шыққаннан кейін.

Карина өзіне қолдау білдірген қорғаушыларына, дағдарыс орталығына, журналистерге және барша қазақстандықтарға алғысын жеткізді.

“Зорлық-зомбылыққа төзуге болмайды. Егер сізді сүйсе – ұрмайды. Ондай махаббаттан қашу керек. Айтыңыз, жылаңыз, алыстаңыз. Шығатын жол әрқашан бар. Бізде тек өз жанашырлығымен жұмыс істейтін дағдарыс орталықтары бар, олар тек көмектескісі келеді. Әділет түбі салтанат құрады. Ол менің үнсіздігімді сатып алмақ болды. Үш пәтер ұсынды. Бірақ мен оған қандай да бір шаршы метр үшін үндемей қалмайтынымды айттым”, – деді ол.

Госманның айтуынша, Мамаш алимент төлемей отыр, әрі балалар тұра алатындай баспана да қалдырмаған. Ол бұл жағдайды сотқа жеткізбей, балалар үшін келісіммен аяқтауға тырысқанын атап өтті.

“Балалар үшін әкесінің абыройын сақтап қалғым келген. Бірақ ол тек өзін ойлады. 47 жастағы адамның санасы болмаса, мен оған жауапты емеспін”, – деп түйіндеді Карина.

Еске салайық, Сәкен Мамаш бұрынғы жұбайын жүйелі түрде азаптағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол “кеңесші” дипломат дәрежесінен айырылды.


Рекомендовать
Последние новости