Атырауда жедел-жәрдем көліктері 100 пайызға жаңартылды

Dalanews 14 янв. 2021 05:52 1389

Атырау облыстық медициналық жедел-жәрдем стансасы тағы 20 медициналық көлікпен толықты. Осылайша, өңірдің медициналық жедел жәрдем стансасындағы көліктер 100 пайызға жаңартылды.

Облыстық жедел-жәрдем стансасының директоры Бауыржан Төлегеннің айтуынша, жаңа көліктер «ҚДБ – лизинг» есебінен алынған.

– Жеткізілген автокөліктердің үшеуі аудандарға жіберілетін болса, қалған 17-сі қалалық жедел-жәрдем стансасына беріледі. Бүгінде облыс көлемінде тәулігіне 700-750 шақырту келіп түсуде. Пандемия өршіген тұста қоңыраулар саны 1700-ге дейін жеткен болатын, – дейді Бауыржан Төлеген.


Қазір стансада жаңадан келген 66 жедел жәрдем медициналық көлігі бар. Оның 20-сы бүгін беріліп, 46-сы өткен жылы келген. Атап айтқанда, 2020 жылдың қазан айында 28 жедел жәрдем көлігі келсе, қараша айында 18 көлікпен толықты.

Еске сала кетейік, қазіргі уақытта өңірде  COVID-таксилер жоқ. Оның орнына жедел-жәрдем стансаларының көлігі қызмет етуде. Жедел-жәрдем көлігі шұғыл шақыртуға 12-13 минутта жетеді.

Рекомендовать
Последние новости