Атырау Құлсары қаласының тағдырын қайталауы мүмкін - жергілікті билік

Жарас Кемелжан 06 апр. 2024 14:27 15355

Атырау Құлсары қаласының тағдырын қайталап, су астында қалуы мүмкін. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda порталына сілтеп

Қаланы су басу қаупі Орынбор мен Оралдан кем болмайды деген болжам бар.

«Әрине, Атырау дайындалып жатыр. 5 күннің ішінде жағалауларды нығайтып, қорғаныс бөгеттерін салуға облыстағы 20 ірі құрылыс компаниясы мен алты ірі мұнай компаниясы жұмылдырылды», - деді Жасұлан Бисембиев.

Жергілікті билік қап, күрек және инертті материалдардан тұратын қажетті құралдар қорын да дайындап қойған.

5 сәуірде Ирикла су қоймасы Жайық өзеніне рекордтық көлемде су жіберді. Мұндай көлемдегі су қала тарихында бұрын-соңды болмаған.Жайық өзенінің қауіпті учаскелеріне 10 шақырымдық бөгет салынды. Бұл үшін 38 мыңға жуық құм салынған қап пайдаланылды.

Ал Атырау қаласының іргесіндегі 12 қауіпті аумақта жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуде. Ол жерде 172 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

«Жайық жағалауының ерекше осал аймақтарын нығайту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Бірақ бұл жеткіліксіз деп есептейміз. Орынбордан су тасқыны туралы нақты деректер алған жоқпыз. Бірақ 1993 жылы Ирикла су қоймасынан жіберілетін су көлемі тәулігіне 1100 текше метр болған.

Қазір одан келетін су тәулігіне 2000 текше метрден асты. Сондықтан қала ішіндегі барлық қорғаныс бөгеттерін күшейтуіміз керек. Әр шақырымды арнайы жұмыс тобына бекітеміз», – деп түйіндеді Бисембиев.


Рекомендовать
Последние новости