Астанада су тапшылығын болдырмау үшін жаңа нысандар салынып жатыр

Ақтоты Жапатова 22 авг. 2025 12:28

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданы сумен қамту мәселесіне қатысты Instagram парақшасында жазба жариялады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Әкімнің айтуынша, қала халқының жыл сайынғы өсіміне сәйкес тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қуаты жоспарлы түрде арттырылуда. Қазірдің өзінде газ жылу станцияларының құрылысы есебінен елорданың жылу қуаты көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Сонымен қатар жаңа қосалқы электр станциялары салынып, қолданыстағы нысандар жаңғыртылып жатыр.

Жеңіс Қасымбек 2023 жылы көктемде су тапшылығы байқалғанын еске салды. Осы мәселені шешу үшін жазда жаңа су құбыры мен үшінші сорғы-сүзгі станциясы (ССС-3) іске қосылған. Қазіргі уақытта қалада қуат тапшылығы жоқ, алдағы жылдарға жеткілікті қор бар.

Әкімнің айтуынша, қосымша тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше жоба қолға алынған:

  • «Телман» сорғы станциясында техникалық су құбыры салынуда. Жоба толық іске асқанда станция тәулігіне 160 мың м³ су беруге қауқарлы болады;

  • Нұра жерасты су орнында жаңа су құбыры жүргізіледі;

  • Қ.Сәтбаев атындағы арнадан жаңа су құбыры мен төртінші сорғы-сүзгі станциясы (ССС-4) салынып жатыр. Оның қуаты тәулігіне 210 мың м³ болады. Бұл жоба 2035 жылға дейін қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;

  • Сондай-ақ Хусейн бен Талал көшесінен Сығанақ көшесіне дейінгі су құбырының құрылысы жобалануда. Ол Тұран даңғылының батысындағы ауданды сумен қамтиды.

«Астанадағы су тапшылығын болдырмау үшін жоспарлы әрі ұзақмерзімді шаралар қабылданып жатыр», – деп жазды қала әкімі.


Рекомендовать
Последние новости