Астана LRT-ның бұрынғы басшысына үкім шықты

Сағыныш Сардарова 12 нояб. 2024 09:32 1476

Астана LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Сотталушыға халықаралық іздеу жарияланған, сондықтан оның қатысуынсыз сырттай қаралды. 

2016 жылғы 22 желтоқсанда LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан қызметтің мүдделеріне қайшы лауазымдық өкілетін теріс пайдаланып, нақты қажеттіліксіз LRT құрылыс жобасы бойынша Қытайдың мемлекеттік даму банкінен сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 миллион АҚШ долларын заңсыз сұратқан. Қаражат түскен сәттен бастап олар жоба бойынша пайдаланылмаған.

2018 жылғы 26 қарашада Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен банктің қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Осылайша, бұл жобаны іске асыру бұзылды, ҚМДБ-нен алынған қарыз қаражаты ЖШС-ға қайтарылмады және ақшалай қаражат нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай, City transportation systems ЖШС-на 85 миллиард теңгеден астам шығын келтіргендіктен, оның әрекеттері ауыр салдарға алып келді. 

Сондай-ақ А. бұрын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 03.05.2023 жылғы үкімімен аса ірі мөлшерінде бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) сырттай мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

"Сот үкімімен Ардан ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды және ҚК 58-бабының 6-бөлігі қолданылып, соттың 03.05.2023 жылғы үкімі бойынша тағайындалған жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар Арданнан City transportation systems ЖШС-ның пайдасына 85 миллиард теңгеден астам материалдық шығын өндірілді", - деп жазылған соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Іс бойынша ЖШС алған мемлекеттік қарыз, шарт бойынша бақылау жүзеге асырылмағандықтан, ҚР Қаржы министрлігі тарапынан лауазымды тұлғалардың немқұрайлы фактісі бойынша прокурордың атына жекеше қаулы шығарылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости