Ардананың арманы ғарышты бағындыру

Dalanews 12 нояб. 2021 06:01 1109

Dalanews.kz және «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы

 Тарихқа көз салсақ, ұшақты басқарған қазақ қыздары да болғанын білеміз. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлер мен қатар нәзік жандылар да жауға қарсы оқ боратып, майдан даласында шайқасқан.

Қазақтың батыр қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова фашист әскеріне қынадай тиіп, 300-ден астам әуе шайқастарына қатысып,  сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған еді.

Бүгінде бейбіт өмірде, әскери салада еңбек етіп, нәзік жандыларға таңсық, тіпті ер азаматтардың жүрегі дауаламайтын әскери ұшақты әуе қалықтатқан 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ардана Ботай.

Қазақтың қаршадай қызы  Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің тұңғыш әскери ұшқыш қызы. Ардана бала кезінен әскери ұшқыш болуды армандаған.

Бүгінде ол авияциялық эскадрильядағы жойғыштың аға ұшқышы. Қазіргі таңда «Су-ЗОСМ» жаңа буын жойғыш ұшағымен ұшып жүр.

Су - 30СМ көпфункционалды жойғыш. Әуе кемесі күндіз-түні кез келген ауа райы жағдайында ұшуға қабілетті және әуеден барлауға, әуедегі, жердегі және теңіздегі нысаналарды жоюға арналған.


Аса маневрлі жойғыш ұшағын ұшуға рұқсат алу үшін ұшқыштар бірнеше ай бойы теориялық сабақтардан өтіп, арнайы Су-30СМ тренажерында жаттығып, штурман ретінде ұшып шығады.



Көптеген сынақтар мен емтихандардан сәтті өткеннен кейін ғана, ұшақпен ұшуға мүмкіндік алады.  Ұшқыш қызымыз оқу-жаттығуға арналған әскери Л-39 ұшағымен алғаш рет 2018 жылдың сәуір айында ұшты. Қазақстандағы әскери авиацияның жалғыз әйел ұшқышы Қарағанды авиабазасында қызмет етеді.

Ардана Ботай бірнеше ай бойы Талдықорған авиация базасында арнайы дайындықтан өткен.

«Мен алғаш ұшқыш боламын деп оқу орнына келгенде, барлығы таңқалған болатын. Көп адамдарға ерсі көрінді. Алайда таңғаларлық табандылық танытып, әйел адам да әскери ұшақты басқара алатынын дәлелдедім. Қазір еңбегімнің жемісін көрудемін» дейді батыр қыз Ардана.

Ол бала кезінен ұшқыш болуды армандаған. Осы арман он алты жастағы бойжеткенді авиациялық орталыққа жетелеп келген. Онда үздіктердің бірі болған курсант алдымен жеңіл моторлы ұшақтарды жүргізуді үйренеді. Бүгінгі күнге дейін әуеде 270 сағат ұшып үлгерген екен.

Алдағы уақытта жас ұшқыштарға тәлімгер болуды қалайтынын жеткізді. Қазақ армиясы сапында әскери қызмет атқарып жүрген Ардана Ботай ұшқыш болу – бұл тек әдемі көрініс пен қиял ғана емес, сағаттар бойы жаттығу залында төгілген тер екенін алға тартады.

«Әскери авиацияда жүрген жалғыз қыз ретінде бірінші кезекте жауапкершілік жоғары тұратынын айтқым келеді. Мен өзгелерге үлгі бола алуым керек. Себебі мен сияқты ұшқыш болғысы келетін, болашағын авиация саласымен байланыстырғысы келетін нәзік жандыларда арамыздан көріп қалуымыз мүмкін.

Сондықтанда олар талпынысын менің еңбегіме, жауапкершілігіме, табандылығыма қарап бағалайды деген ойдамын» деген өз ойын білдірді.

Ардана алдағы уақытта   ұшу шеберлігін шындауға әзірленіп жүр.



Ер азаматтың да жүрегі дауалап, қолынан келе бермейтін шеберлікті меңгерген ару қазір әуе көлігін өзі басқарады.

Осыдан екі жыл бұрын әскери ұшақты басқаруды үйреніп жүрген Ардана Ботай бұл жолы әуе кемесін өз бетімен басқарады.

Биылғы жылдың тамыз айында Қазақстандағы әскери авиацияның жалғыз әйел ұшқышы экипаж командирі атанды. Өз шеберлігін Ардана Ботай тәжірибелік емтихан барысында дәлелдеген. ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов дербес ұшуға рұқсат беретін практикалық емтиханды қабылдап, оң бағасын берген.

Ардана әуе кемесін өз ырқына бағындырып қана қоймай, Су-30СМ жауынгерлік ұшағында экипаж командирі ретінде дербес ұшуды алғаш рет әйел адам ретінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихында аты алтын  әріптермен жазылды.


Енді ол  көк аспанды бағындыруға деген ұмтылысын, жойғыш ұшқыш ретінде мемлекетіміздің әуе шебін күзетудегі міндеттерді орындап,  жауынгерлік авиациядағы  ерлермен тең дәрежеде күрделі міндеттерді атқармақ.

«Ұшақты жалғыз басқару - әрбір ұшқыштың еңбек жолындағы маңызды кезеңдердің бірі. Ұшқыштар орталығында 40 сағат ұшып, одан кейін азаматтық авиация академиясында жүргенімде ұлттық гвардияға шақырылдым, ол жақта мен Ан-26 ұшағымен әуеге көтерілдім. Су-30СМ ұшағымен жеке ұшу мен үшін кәсіби тұрғыда қалыптасуға жасаған үлкен қадам.Ал өмірдегі ең басты арманым - ғарышты бағындыру», - дейді қазақ қыздары арасында тұңғыш әскери ұшқыш.

Тәртіп пен табандылықтың арқасында арманына қол жеткізген Ардана Ботай көп жастарға үлгі болмақ.

 Қуаныш Рахметоллаұлы


 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости