Ғылымға құштар Әмина

Dalanews 29 нояб. 2021 05:54 1036

Dalanews.kz және «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы

Жер-жаһан індеттің ілмегіне ілініп, вирус шартарапты кезіп кеткен шақта Отанынан жырақта өмір сүріп жатса да, елдегі жағдайға бейжай қарай алмаған жастарымыз баршылық.

Бұл орайда пандемия кезінде қазақстандық дәрігерлерге ақпараттық қолдау жасаған, әлемнің түкпір-түкпірінде зерттеумен, ғылыммен айналысып жүрген Қазақстанның PhD-қыздарын біріктірген Kzphdgirlsunion еріктілер жобасын құрған Әмина Мирсакиеваның ерен еңбегін айтпасқа болмас.

Ол – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, теориялық физик, ғылымды насихаттаушы.

Carl Zeiss неміс компаниясында зерттеуші-ғалым.

Айта кетейік, аталған неміс компаниясында 30 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді. Carl Zeiss – EUV-литографияға арналған құрылғылардың бөлшектерін жасайтын әлемдегі жалғыз компания.

«Біздің ұйым пандемия кезінде ғалымдарды, дәрігерлер мен медициналық студенттер мен шетелде жұмыс істейтін немесе оқитын біздің елдің азаматтарын бір мақсат мүдде бойынша біріктіріп, контент құрып, қазақстандық дәрігерлерге ең заманауи ақпараттарды, жетекші еуропалық медициналық орталықтардың емдеу хаттамаларын, жаңа дәрі-дәрмектердің сипаттамаларын және емдеу әдіс-тәсілдерін ұсынып, жіберіп отырдық.

Өйткені науқастардың өмірі үшін күресіп жүрген дәрігерлердің белді шетелдік ғалымдардың коронавирус жайлы жазған мақалаларын, зерттеу жұмыстарын іздейтін уақыттары болмады.


Сондықтан да біз вирусқа байланысты ақпараттарды сүзгіден өткізіп, Қазақстандағы ақ халатты абзал жандарға көмек ретінде қамтамасыз етіп отырдық» дейді ғалым Әмина.



Қазіргі кезде ол Carl Zeiss компаниясында литографияда қолданылатын құрылғыға арналған материалдар жасап шығарумен айналысуда. Қарапайым тілмен айтсақ телефон не компьютер сияқты әртүрлі электроникаға арналған чиптерді басып шығаратын тәсіл.

Сонымен қатар әлеуметтік желіде «Белка и Стрелка» подкастын жүргізеді, ғылымдағы соңғы жаңалықтарды айтып, көрермендерге жеткізіп отырады. Youtube жобасында «Бағдарламалау кімге керек?», «Қыздар неге күйзеліске көп түседі?», «Күннен қорғау» жөніндегі ғылым», «Геолог қыз метроны қалай соғады?», «Баламалы отын», «Қандай тамақ қауіпті?», «Жалған ғылым», «Ғылыми метрия: Әлемде ең ақылды кім?», «Косметиканы қалай жасайды?», Электронды және жай темекінің қайсысы қауіптірек?», «Ұлы ғылыми жаңалықты қалай кездейсоқ ашуға болады?», сынды тақырыптық сұрақтарға түрлі мамандармен бірге жауап іздейді.

Бір сөзбен айтқанда, медиа саласына аяқ басып, ғылыми жаңалықтарды елге жеткізуде өзіндік хабарға айналып келеді.

«Менің ойымша, жастар подкасттарға қызығушылық танытады.

Жалпы, тыңдауды жақсы көретіндердің және өте белсенді өмір сүретіндердің бәрі бір сәтте подкасттарға келеді деп есептеймін. Мұнда жас шектеулері жоқ. Мазмұн сапасына шектеулер бар шығар.


Мәселен, егер адам өнерге немесе тарихқа қызығушылық танытса, онда ол ЭКО туралы менің подкастымды тыңдамауы мүмкін. Сондықтан да контент жасаушылар мен, тыңдаушылар арагідік кездесіп, қандай дүние қызықтыратыны жайлы сұхбат құрып, пікір алмасып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Әмина ханым.

Ғылымға құштар жан оңтүстік астанамыз Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінде білім ала жүріп, зерттеуге құмар болды, 2-курстан бастап зертханадағы ғылыми ізденістерде белсенділік танытты.

Аталған жоғары оқу орнында химия инженериясы бойынша бакалавриат пен магистратураны бітірді. Cодан соң Швециядағы KTH – Корольдік технология институтының (Royal Institute of Technology) докторантурасына Material physics саласы бойынша оқуға түсті.

«Мен ақылды бола бастаған қоғамда өмір сүргім келеді. Сол үшін де ғылымға бет бұрдым. Себебі таңғажайып әлемді танығым келеді. Жалпы, адамдардың ғылымға баруының және онда қалуының жалғыз себебі осында шығар. Психологиялық тұрғыдан жүйкеге салмақ түсіргенімен, әрдайым, тіпті күн сайын десем артық айтпағаным болар, жауабы жоқ салада жұмыс істеуге тұра келеді. Сол жұмбақты шешкің келеді. Ғылымға жаңалық енгізу үшін басыңызды тауға да, тасқа да соғуыңыз мүмкін. Кейбірі қиындықтарға шыдамай, көптеген ғалымдар басқа салаға кетіп жатады. Ғылым оңай емес. Бұл өте күрделі дүние» дейді біздің кейіпкеріміз.

Әмина болашақта Қазақстанға келіп, тәуелсіз елдің ғылымының дамуына үлес қоссам деген арманын айтты.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Рекомендовать
Последние новости