14 қаңтарға қараған түні Ақтөбеде белгісіз біреу адамдарды кепілге алды. Үйдегі үш адам зардап шекті, оның екеуі қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
13 қаңтар күні сағат 20:00 шамасында Жедел басқару орталығына Ақтөбе қаласындағы жеке тұрғын үйден кепілге алу туралы хабарлама келіп түскен.
Жедел-тергеу тобы мен арнайы бөлімшелер оқиға орнына дереу жетті. Жедел қызметтер келген бойда, күдіктімен бұрын таныс болған, бір әйелдің кепілге алынғаны белгілі болды.
Бұл ретте күдікті қандай да бір талаптар қойған жоқ. Үш сағаттық келіссөздерден кейін және күдікті кепілге алынған адамды босату туралы талаптарды орындаудан бас тартқаннан соң, шабуыл жасау туралы шешім қабылданған.
Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды.
Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақаттарымен егде жастағы ата-анасы табылды.
Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірі тасымалдау кезінде, ал екіншісі ауруханада көз жұмды. Үшінші жәбірленушіге дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр.
"Полиция департаменті қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Кінәлі адам заңның барлық қатаңдығымен жазаланатын болады", дейді полицейлер.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.