Деректерді ұсыну және азаматтық авиациядағы және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеу қағидаларына сәйкес Көлік министрлігі авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия құрды, - деп хабарлайды Dalanews.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеп.
Ведомствоның көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері авиациялық оқиға орнында. Тергеп-тексерудің қырдағы кезеңі аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазақстанға Әзербайжан Республикасы Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің делегациясы, сондай-ақ Azerbaijan Airlines (AZAL) авиакомпаниясының өкілдері келді.
Жұмыстар Әзербайжанның авиациялық билігімен бірлесе жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, Қазақстанға Embraer әуе кемесін өндіруші компания өкілдері және CENIPA (авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығы, Бразилия) ұшып келеді.
Ақтау қаласына Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия құрамында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев, көлік вице-министрі Талғат Ластаев, көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің директоры Нұржан Малаев, Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева, "Қазаэронавигация" РМК бас директоры Нұржан Ахметов келді.