АҚШ-тағы президент сайлауы: алғашқы сайлау учаскелері жабылды

Сағыныш Сардарова 06 нояб. 2024 09:10 1342

АҚШ-тың алты штатында сайлау учаскелері жабылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шығыс уақыты бойынша cағат 19:00-де (Астана уақыты бойынша 05:00) Джорджия, Индиана, Кентукки, Оңтүстік Каролина, Вермонт және Вирджиниядағы сайлау учаскелері жабылды.

Сағат 19:30-да Солтүстік Каролина, Огайо және Батыс Вирджиниядағы сайлау учаскелері жабылды.

Гавайи мен Аляскадағы сайлау учаскелерінде дауыс беру Астана уақыты бойынша сағат 10:00-де аяқталады.

Бірінші жалпыұлттық экзитпол мәліметтеріне сәйкес бүкіл елдегі сайлаушылардың 44 пайызы Трампқа оң көзқараспен қарайтынын айтқан, ал Харристі 48 пайызды қолдады.

Невада мен Пенсильваниядағы экзитпол нәтижелері Трамптың жеңісін көрсетеді, бұл штаттарда оған 47 пайыз дауыс берген.

Харрис Солтүстік Каролинада, Висконсинде жеңіске жетті, мұнда 47 пайыз дауыс жинады, ал Джорджияда 49 пайыз дауысқа және Мичиганда сайлаушылардың 48 пайызының қолдауына ие болды.

Аризонада екі үміткер де 46 пайыз жинады.

"Америка дауысы" порталының мәліметтері бойынша Трамп сайлаушылар алқасынан 210 дауыс, Харрис 112 дауыс алған. Ал New York Times басылымы Трамп 298 дауысқа, ал Харрис 240 дауысқа ие болады деп болжайды.

Айта кетейік, бұған дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі м.а. Жанат Момынқұлов Dalanews.kz-ке сұхбат беріп, сайлау нәтижелері туралы болжам жасады.

"Трамп әлемдік саясатта ойып тұрып орын алады. Оның үстіне қазіргідей дағдарыс, соғыс жағдайында оның іс-қимылы - бәрі өте маңызды. Бірақ Харрис қалған жағдайда Американың осы саясаты жалғаса береді. Қытайға, Ресейге, Иранға қатысты шектеу, тежеу саясаты жүреді.

Менің ойымша, Харристің жеңісіне қуанамыз. Ал Трамп келетін болса, Ресеймен қарым-қатынасындағы өзгерістер Орталық Азияға, бізге салқын әсер етеді. Бәрі айналып келгенде халықаралық жүйеге әсер етеді. Біз болжап болмайтын оқиғалар басталып кетуі мүмкін. Харрис Орталық Азияға жаңа бір көзқарас танытуы мүмкін, ол - Ақ үйдің маңындағы бюрократтардың өкілі, тұрақтылықтың "гарантиясы". Ал Трамп келсе, Украинадағы жағдай ұзаққа созылатын дауға айналуы мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, Харристің келгені Қазақстанға тиімді. Орталық Азияға тікелей әсері болмаса да, шешімдері арқылы айналып келгенде әсері болады", - деді ол.

 


Рекомендовать
Последние новости