Ақылы мектептің бәрі өзге тілде. Сонда біздің тіл арзан ба? - белгілі педагог

Мөлдір Қалымбет 11 мая 2024 10:42 84182

Белгілі ұстаз, «QazBilim» жобаларының авторы Аятжан Ахметжан әлеуметтік желіде Астанадағы 66 жекеменшік мектептің бесеуі ғана қазақ тілінде білім беретінін айтып, наразылығын білдірген еді. Dalanews.kz  қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені тарқату үшін тіл жанашырымен тілдесті.

Аятжан Ахметжанның айтуынша, бұл тақырып бір ғасырға жуық уақыттан бері дау боп келеді. Бірақ әлі күнге түбегейлі шешімін тапқан жоқ.

«Тәуелсіздік алғанда қазақ мектептері қайта түледі. 2016 жылға дейін қазақ сыныбына барған балалар саны өсті. Бірақ 2017 жылдан бастап бұл үрдіс кілт бұзылды. Оған үштілділік саясаты, латын қарпіне көшу бастамасы, биліктің жалтақтығы мен немқұрайлылығы сынды әр алуан себеп бар. 2021 жылы тіпті ел бойынша ең төменгі көрсеткішке жетіп үлгерді. Жан-жақтан дабыл қақтық. 2022 жылы Астананың бір мектебінде «орыс сыныбын ашпасаң, Путинге айтамын» деген ақымақ қазақтың сөзін де естідік. Тойтарыс беріп, қазақ мектебі етіп сақтап қалдық. Бірақ Астана да, қазақ билігі де сол істен сабақ алмады», – дейді А.Ахметжан.

Қоғам белсендісі 2022 жылы жарияланған Президент жолдауында да қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеу қажеттігі баса айтылғанын алға тартты. Соның әсерінен балалардың 40% тағы орыс сыныбын таңдаған.

«Қазір Астанада 66 жекеменшік мектеп бар. Оның бесеуі ғана қазақ тілінде. Бірі – біздің «QazBilim» ұлттық лицейі. 66-ның ішіндегі ең арзаны да біздің мектеп. Қымбат мектептердің бәрі өзге тілде. Ең қымбаты  жылына 13 миллион теңге сұрайды, біздікі соның – 10%-ы. Соның өзінде қымбат деп ренжиді жұрт. Сонда біздің тіл арзан ба?» – дейді педагог.

Аятжан Ахметжан мұның себебін де жіпке тізіп берді. Оның айтуынша, қоғамда «орыс тілінсіз нан жоқ» деген түсінік қалыптасқан. «Орысша білмейтін адам дұрыс жұмысқа тұра алмайды, бизнес бастай алмайды, қалада тұра алмайды» деген сияқты қасаң қағидалардың қабырғасы сөгілмей тұр.

«Біздің қоғам мінезінен айырылған. Оны айырған – кеңес үкіметі. Сондықтан біз жеке әлемімізде қатыптастырып алған стереотиптермен өмір сүреміз. Оның үстіне қабылдау комиссиялары қазақ сыныбында орын жоқ екенін айтып, балалардың ата-анасын орыс сыныбына беруге үгіттейді. Бұл – сапасыз жұмыстың көрінісі. Қоғамда қазақ мектептеріндегі білім сапасы нашар деген көзқарас та бар. Алайда, бүгінгі қазақ мектептерінің білім деңгейі төмен емес.

 Қалай десек те, мемлекеттік тілдің жағдайын реттеу керек. Тәуелсіздік алғанына 33 жыл болған ел үшін мұны талқылау да ұят. Биліктің беті қазақ тіліне бұрылмай, мектептің беті бері бұрылмайды. Сондықтан біздің билікке де, басқамызға да мінез керек, батыл шешім керек. Әйтпесе, бұның соңы неге соғары қорқынышты!», – дейді ол.

Айта кетейік, Аятжан Ахметжан ұлттық бағыттағы мектеп қалыптастыруды мақсат етеді.

Бүгінде ол Қазақстанның 8 қаласында «QazBilim» орталығын іске қосқан. Бұл қалаларда 400-ге жуық қызметкер бар және 400 адам жұмыс істейтін компания қазақ тілін алға қояды.


Рекомендовать
Последние новости