Түркістан облысында Бишімбаевтың әжесінің атындағы көше бары рас па?

Сағыныш Сардарова 04 мая 2024 15:00 5240

Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Төлеби ауданы Леңгір қаласында экс-министр Бишімбаевтың әжесінің есімі көшеге берілгені туралы ақпарат тарады. Dalanews.kz мән-жайды анықтады.

"Қуандық Бишімбаевтың әкесі осы Түркістан облысының тумасы екен", - деп жазылған желідегі ақпаратта.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне жүгінгенде, расында да, Түркістан облысында Мария Бишімбаева атындағы көше бар болып шықты. Дегенмен бір нюанс бар.

"Бишімбаева Мәриям - Төлеби ауданының Құрметті азаматы. Ауданға еңбегі сіңгені үшін Төлеби ауданы, Леңгір қаласындағы бұрынғы атауы Садовая көшесі Леңгір қаласы әкімдігінің 2001 жылғы 6 шілдедегі №215 шешімімен Мария Бишімбаева көшесі болып қайта аталды", - деп жазылған хабарламада.

Дегенмен бұл есімнің әйелін өлтірді деп айыпталып отырған Қуандық Бишімбаевқа ешқандай қатысы жоқ болып шықты.

"Мария Бишімбаева - облыс, ауданның дамуына үлкен үлес қосқан, бірнеше жыл Қазығұрт ауылдық кеңесің басқарған, елге еңбегі сіңген азамат.

Ол 1940 жылы Бадам ауылдық советінің хатшысы, 1947 жылдан төрайымы болып сайланды. 1949 жылы алты уақ ауылдың кеңестері бірігіп, Қазығұрт ауылдық кеңесі болып құрылды. Мария Бишімбаева осы ауылдық кеңестің 45 жыл бойы төрайымы болды. М.Бишімбаева басқарған Қазығұрт ауылдық кеңесі республикада көптеген жыл "Ең үздік ауылдық кеңес" болып танылған. Ауылдық, облыстық кеңестердің депутаты, Қазақстан Компартиясы XIII съезінің делегаты болып сайланған.

Ерен еңбектері үшін ол "Қызыл Ту" орденімен, "Еңбектегі ерлігі үшін", "Еңбекте үздік шыққан үшін" медальдарымен наградталды", - деді облыс әкімдігі өкілдері.


Рекомендовать
Последние новости