“Анамнан басқа ешкімім жоқ”. Шерзаттың әпкесінің ұлы Тоқаевтан көмек сұрады

Қаракөз Амантай 20 дек. 2024 10:40 2292

Талғарда жаппай төбелес кезінде бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың әпкесі Бақыт Реимова “митингіге үндегені үшін” деген айыппен 15 тәулікке қамалып, сот оны Қазақстаннан депортациялау жөнінде шешім шығарды. Осы тұста “анамнан басқа асыраушым жоқ” деп дабыл қаққан Реимованың ұлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Мейірбек Реимов — Бақыт Реимованың баласымын. Сот анамды 15 тәулікке қамап, Қазақстаннан депортациялау жөнінде үкім шығарған болатын. Ол кісі менің жалғыз асыраушым. Өзім кәмелет жасқа толмағанмын. Мектепте 11-сыныпта оқимын. Анамнан басқа ешкімім жоқ. Сондықтан анамнан айырмауларыңызды сұраймын. Анамның Қазақстаннан басқа баратын жері жоқ. Екеуіміз де қазақпыз.  Елім үшін қызмет еткім келеді. Егер сот анамды ел аумағынан шығарар болса, бір-бірімізді бес жылға дейін көре алмаймыз. Бұл үкімді өз бақылауыңызға алуды өтінемін”, - дейді Мейірбек.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша оның суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал 10 желтоқсанда оның өліміне қатысты сараптама қорытындысы шықты.

"Сот-медициналық сараптаманың алдын ала болжамы бойынша, 9 желтоқсанда Талғардың шетінде табылған 30 жастағы ер адамның мәйіті өзін-өзі асу арқылы механикалық асфиксия нәтижесінде болғанын көрсетті. Денесінде зорлық-зомбылық сипаттағы белгілер жоқ.

Сарапшылармен анықталған дене жарақаттары, мысалы, странгуляциялық және мойынның абразиялары асылған жіпті қолданған кезінде пайда болатын жарақаттарға сәйкес келетінін көрсетті. Барлық белгілер суицидті көрсетеді, мойынындағы зақымдану сипаты мұндай жағдайларға тән", - делінген хабарламада.

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін, бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті.

"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", — делінген хабарламада.

Осылайша Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынды.

Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша азамат С. Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ адам жасаған, азаматша Б. Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарып жіберілді.

Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


Рекомендовать
Последние новости