Ана тілін ұмытқан адам қалай министр болады?

Dalanews 18 янв. 2017 10:16 960

Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрлігінің су жаңа басшысы Тимур Сүлейменов депутаттардың қазақша қойған сұрағына орысша жауап берді. 

Мұны нысанадан қалт жібермеген тілшілер министрге мемлекеттік тілді білмейтінін бетіне басып сауал тастады. Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов тілшілерге 6 ай ішінде мемлекеттік тілді меңгеруге уәде етті деп хабарлады ҚазАқпарат.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы кезінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында депутаттардың қазақ тілінде қойған сұрақтарына министр тек орысша жауап беріп отырды.

Жаңадан тағайындалған министр журналистерге сұхбаты барысында Мәскеуде жұмыс істеген жылдар ішінде қазақ тілін ұмытыңқырап қалғанын жеткізді.

«Мәскеуде 5 жыл жұмыс істеп, өз ана тілімді ұмыта бастаппын. Бірақ та, 6 айдың ішінде қайта меңгеріп шығамын», — деді Сүлейменов.

Сонымен қатар ол қызметінде жақсы әрі жауапкершілікпен жұмыс істейтінін, осы орайда басшылықтың берген тапсырмаларын орындап, қызметкерлерге, қоғамға, азаматтарға қатысты адал болатынын атап өтті.

«Бұл ұстанымдарды орындаған жағдайда мақсаттар жүзеге асады деген ойдамын»,-деп жауап қайырды министр.

Рекомендовать
Последние новости