"Кешірім сұра!". Қыдырәлі өзін келеке қылған суретшіні сотқа бермек

Dalanews 18 янв. 2017 10:10 975

Әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов өзі туралы әлеуметтік желіде тарап кеткен карикатура авторы — суретші Мұрат Ділмановты сотқа бермекші. Ақпарат ВКонтактідегі Атамның басы-ай тобында қызу талқыланды. 

Әртіс суретшіден қоғам алдында кешірім сұрауын талап етіп отыр. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне оның заңгері Аманбол Әбеуов хабарлады. Алайда Ділманов кешірім сұрауға үзілді-кесілді қарсы екен.

Мұрат Ділмановтың суретінде ер адам төсекте отыр, ал әйелі ар жағында жалаңаш жатыр. Бірақ суретте Қыдырәлі Болманов бейнеленген деп еш жерде айтылмаған. Десек те, адвокат Әбеуов сот арқылы ақша өндіруге ниетті.

«Бұл карикатураның авторын жауапкершілікке тартуға жеткілікті негіз бар және суретте айтылған ой қорлау мәнінде. Қыдырәлінің бейнеленгені мамандарсыз-ақ түсінікті. Бірақ мен материалды сарапшыларға жібердім, олар осы карикатураны зерттейді (…)
Қыдырәлі төсекте жатқан әйелдің алдында отыр. Біз ол әйелдің Қарақат екенін болжаймыз, мұнда қорлау сипатындағы белгілер бар.

Осы жағдайда олардың балаларына моральдық ауыртпашылықтар түсуі мүмкін — олардың анасы жалаңаш көрсетілген. Ал егер ол Қарақат болмаса, басқа әйел болса, мұндай жағдайда да жауапқа тартуға болатын белгілер бар — бұл дегеніңіз суретші Қыдырәліні ашынасымен жатты деп көрсеткен деген сөз. Бұл — жеке өмірге қолсұғушылық. Біз суретшіден осы суретті жариялаған алаңда мұны жоққа шығаруды және кешірім сұрауын талап етеміз. Сонымен қатар, осы суретті желіде жариялағандарға сотқа дейінгі шағым түсірдім, көбісі өшіріп жатыр», — деді заңгер.


Рекомендовать
Последние новости