Амандық Баталов 8 Наурызға орай 200 әйел-ананы қабылдады

Dalanews 07 мар. 2018 11:51 1170

Алматы облысы әкімінің Халықаралық әйелдер күніне орай Салтанат сарайында өткізілген салтанатты қабылдауына облыстың аудан, қалаларында әр салада жемісті еңбек етіп жүрген, өңір дамуына үлес қосқан 200 әйел шақырылды. Облыс басшысы Амандық Баталов жетісулық әйелдерді, атап айтқанда соғыс және еңбек ардагерлерін, көп балалы аналарды, қоғам қайраткерлерін және түрлі сала мамандарын көктемгі мерекемен құттықтады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде облыс әкімі А. Баталов:

– Құрметті аналар, аяулы арулар! Ерекше мереке 8 Наурыз қарсаңында өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Табиғат Әйел-Анаға сұлулық пен ақылды, мейірім мен төзімділікті молынан берген. Осындай ізгі қасиеттеріңіздің арқасында әрқайсыларыңыз ошақтың отын маздатып, отбасының берекесін арттырып, бақытын еселеп отырсыздар.  Шаңырақ жауапкершілігімен қоса, қоғамда да өз үні, өз орны бар мықты маман, іскер азамат ретінде еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып келесіздер. Сіздерге осы орасан еңбектеріңіз бен ерік-жігерлеріңіз үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Отбасыларыңызда әрқашан қуаныш, бақыт, ырыс пен ынтымақ орнап, барлық арман-мақсаттарыңыз орындалсын! – деді.

Мұнан кейін салтанатты жиын марапаттаумен жалғасты. Облыс басшысы көпбалалы аналарды Алтын алқамен, Күміс алқамен наградтап, бірқатар әйел азаматшаларға медицинадағы, білім берудегі, спорттағы, бизнестегі, журналистикадағы және басқа да маңызды салалардағы жемісті еңбегі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, алғыс хатымен марапаттады.



Өз кезегінде әйелдер көрсетілген қошамет үшін ризашылығын білдірді. Олардың қатарында І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың проректоры Ләззат Еркінбаева, «Шығыс кен басқармасы» ЖШС-ның директоры Зелина Катранова, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы Жанар Амержанова, неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі, Талғар аудандық мәслихатының депутаты Светлана Алмабекова, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның әншісі Әсем Сембина да бар. Олар өз сөзінде облыстың дамуын, соның ішінде Талдықорғанның сәулеттік кейпінің ерекшелене бастағанын тілге тиек етті.

Кездесу соңында музыкалық сыйлық ретінде ән шырқалды.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости