Жансейіт Түймебаев қарттар үйіндегі кейуаналарды құттықтады

Dalanews 07 мар. 2018 12:16 775

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Шымкент қаласындағы қарттар үйінде болды. Онда жалғызбасты әйел азаматтарын 8 наурыз «Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады.

Іс-шара барысында өңір басшысы әйелдерге қамқорлық жасау, көп балалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсету қашанда Елбасымыздың назарынан тыс қалмағанын жеткізді.

«Сіздерді, көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Көктем мерекесі көңілдеріңізге қуаныш сыйлап, жүздеріңізге нұр шашсын. Бүгінде өңір тұрғындарының 1 млн. 446 мыңы нәзік жандылар құрайды. Бұл дегеніміз еліміздегі бұрымдылардың ең көбі біздің облыста дегенді білдіреді. Олардың арасында ақыны да, жазушысы да, ғалымы да, тіпті үйдің де, түздің де жұмысын қатар алып жүрген кәсіпкер де бар. Аймақтың экономикалық дамуына қаракөз аруларымыздың қосып келе жатқан үлесі орасан зор деп білемін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

1965 жылы негізі қаланған №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 77 әйел азаматы қызмет алуда. 260 орынға шақталған мекемеде егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге қабілетсіз жалғызбасты қарттар мен бірінші және екінші топтағы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдендірілген 8 түрі көрсетіледі.

Айта кетейік, облыс бойынша 8 мыңнан астам азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылса, оның 2 мыңнан астамы жалғызілікті қарттар. Бүгінде жалдғызбасты қарттардың 121-і облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «№5 арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығында» толық мемлекет қамқорлығына алынып, кешенді қызметтермен қамтылуда.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр облыстық ардагерлер үйінде болып, өңір басшысының атынан ақ жаулықты аналарды айтулы мерекемен құттықтады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости