"Алтыналмастың" еншілес компаниясы KASE-ден кетіп жатыр

Кәмшат Тілеухан 13 дек. 2024 15:59 1661

Акционерлерінің бірі олигарх Владимир Жұманбаев болып табылатын "Алтыналмас" алтын өндіруші компаниясының еншілесі - "Ақбақай алтын Ресорсиз" KASE-ден кетіп жатыр. Бұл туралы 2024 жылдың 12 желтоқсанында белгілі болды. Ерікті түрде жасалған делистингке қатысты шешімді компанияның жалғыз акционері 2024 жылдың 29 қарашасында қабылдаған. Оның себептері мен мерзімдері нақтыланбаған, деп жазады Dalanews.kz.

Компанияның бағалы қағаздары 2022 жылдың шілдесінен бастап Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде жүр. Тіркеу кезінде шығарылған 100 млн жай акциялар таратылып берілді. Сауда 2022 жылы 1 қарашада болған. Ал 2024 жылғы 1 қазанда қор биржасына тағы 145 850 данасы орналастырылды.

Компания туралы аз-кем мәлімет

"Алтыналмас" 2021 жылдың желтоқсанында "Ақбақай алтын Ресорсиздің" 100% үлесіне ие болды. Еншілес компанияның негізгі қызметі, 2024 жылғы 30 қыркүйектегі есебінде көрсетілгендей, "алтын өндіретін зауыттар жұмысы және бағалы металдар өндірісі" болып табылады, алайда, шынтуайтында ол өзінің бас компаниясына жалдау қызметтерін ұсынумен айналысқан.

"2022 жылы Ақбақай алтын Ресорсиз" АҚ бас компаниясынан Ақбақай кен орнында белгілі бір өндірістік активтерді сатып алды. Бұл активтер бас компанияға қысқа мерзімге жалға берілді", делінген компания есебінде.

2022 жылдың аяғында, яғни  бірінші толық жұмыс жылында компанияның активтері 1,16 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың 30 қыркүйегіне қарай ол 120,7 млн теңгеге дейін қысқарды. 2024 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша бір акцияның баланстық құны теріс мәндегі (-)  975 теңгені құрады. Осы кезеңдегі компанияның шығыны - 55,7 млн теңге.  

2024 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша "Ақбақай Голд Ресорсизтің» бас компаниясы — "Алтыналмастың" бірнеше акционері болды: Gouden Reserves B. V. — 67,5%, Владимир Жұманбаев — 22,5%, жалпы үлесі 10% - жеке тұлғалар. "Алтыналмастың" түпкі бақылаушысы — "Family Trust" АҚ атынан әрекет ететін "Trustee Pte Ltd"АҚ.

2024 жылы "Алтыналмас" акциясына тікелей иелік ететін екі адамның үлесі артты: Gouden Reserves B. V. - 7,5%-ға, Жұманбаевтікі — 2,5%-ға. Бұл компанияның миноритарийлер қолындағы 2 млн акцияны сатып алғаннан кейін болды.


Рекомендовать
Последние новости