Президент басымдық беруді тапсырған 17 ірі жобаның тағдыры не болды

Кәмшат Тілеухан 12 дек. 2024 09:50 1062

Әлемдік нарықта мұнай бағасы құлдырап, геосаяси ахуалдарға байланысты оның тасымалдында да белгілі бір тәуекелдер пайда бола бастады. Ел экономикасына шикізаттан түсетін кіріс көлемі де айтарлықтай төмендеуде. Мұндайда Үкімет экономиканы диверсификациялау міндетіне тынғылықты кірісуі шарт. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық беруді тапсырған 17 ірі жобаның тізімін атап көрсеткен болады, деп жазады Dalanews.kz.

Үкімет басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жобалар экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру бағдарламасы шеңберінде іріктелді. Олар металлургия, химия, мұнай-химия, автокөлік, туризм, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты негізгі салаларды қамтиды.

Басым бағыттардың бірі – оң нәтижелерге қол жеткізіліп отырған машина жасау саласы. Әрі қарай өсу үшін қазіргі қарқынды сақтау және өндірісті оқшаулау деңгейін дәйекті түрде арттыру маңызды. Ұзақмерзімді перспективада автомобиль өнеркәсібін мемлекеттік қолдау толыққанды кластер құруға алып келуі тиіс.

Тағы бір маңызды міндет – мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту. Қазіргі уақытта полипропилен мен полиэтилен өндіретін ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Бутадиен, карбамид және терефтал қышқылын өндіруге арналған болашағы зор жаңа жобалар әзірленуде. Аталған бастамалардың барлығы аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталуы маңызды.

Жоспарланған жобаларды іске асыру 25 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Күтілетін экономикалық тиімділік экспорт көлемінің 6 трлн теңгеге артуы және импортқа тәуелділіктің 1,5 трлн теңгеге төмендеуін қамтиды. Барлық жоба тұрақты экономикалық өсудің маңызды қадамы болатын жоғары өнімді және инновациялық өндірістерді дамытуды ынталандыруға, сондай-ақ экспорт пен импортты алмастыруға бағытталған.

2024 жылы құны 1,3 трлн теңгеге жуық 180 инвестициялық жобаны енгізу жоспарланған, оның 164-і өңдеу секторына тиесілі. Бірыңғай индустрияландыру картасы шеңберіндегі нысандар саны бойынша бүгінде Қарағанды, Қызылорда және Жамбыл облыстары, инвестиция көлемі бойынша Атырау, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр.

Өңдеу өнеркәсібі: негізгі көрсеткіштер

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өңдеу өнеркәсібі көлемі жағынан 48%-дық көрсеткішпен 45% деңгейіндегі шикізат секторынан асып түсті. Ондағы негізгі өсім бірден бірнеше секторда байқалады:

  • Машина жасау: 6,9% өсім, бұған компьютерлік жабдықтар, электр аспаптары, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасы өндірісінің ұлғаюы ықпал етті.

  • Қара металлургия: өсім 10,8%-ды құрады. Бұл ферроқорытпа, болат, шойын және жалпақ прокат өндірісі көбеюінің нәтижесі.

  • Түсті металлургия: мыс, мырыш, қорғасын және алюминий өндірісінің өсуіне байланысты өндіріс көлемі 4,8%-ға өсті.

  • Химия өнеркәсібі: 8,4% өсім тіркелді, полипропилен және натрий бихроматы өндірісінің ұлғаюы айтарлықтай үлес қосты.

Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің жиынтық көрсеткіші 5%-ға жуық оң динамика көрсетті. Осылайша, Мемлекет басшысының экономиканың өңдеуші секторын дамыту арқылы еліміздің өнеркәсіптік негізін нығайту жөніндегі тапсырмалары дәйекті жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар оның одан әрі өсуі мақсатында саланы тиісті бағамен, қажетті шикізатпен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Бұл алюминий мен мыс өңдеуді бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Бұл кабель, алюминий сым және басқа да өндірістің өсуіне де әсер етті.

Шикізат экспортын азайту үшін өңдеу өнеркәсібінде ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп келеді.

  • темір рудасы бойынша Қостанай облысында ("ССКӨБ" АҚ) және Павлодар облысындағы металлургиялық кластер ("Mineral Product International" ЖШС, ферроқорытпа, ыстық брикеттелген темір және болат өнімдері) ыстық брикеттелген темір өндіру жоспарланып отыр.
  • Мыс кені бойынша Абай облысында мыс балқыту зауытын салу ( "KAZ Minerals Smelting" ЖШС ҚАЗ Минералс Смэлтинг/NFC),
  • сондай-ақ Қазақмыс кәсіпорындары (Жезқазған және Балқаш мыс балқыту зауыттары) базасында Айдарлы және Көксай кен орындарынан шикізатты қайта өңдеу жоспарланған.

Рекомендовать
Последние новости