«Алматыдағы тау бөктерінде орналасқан жерлерді тексеріп жатырмыз»: Депутат баласының арбасын өртеудің астарына үңілді

Dalanews 12 сент. 2023 05:04 889

7 кыркүйекте Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің пәтерінің алдында тұрған баласының арбасын белгісіз біреулер өртеп жіберген болатын.

Осыған байланысты депутат Halyq Uni тілшісіне берген жауабында өзінің қоқан-лоққыға тап болғанын, полицияның көмек көрсетпегенін айтқан.

– Бейнебақылау камераларын қарадық. Онда белгісіз адамның подъезге кіргенін, кейін баланың арбасын өртегенін көруге болады. Менің ойымша, бұл – провокация. Ол психикалық ауру адам дейтінін жоққа шығармаймын. Алайда, провокация менің кәсіби қызметіммен тікелей байланысты деп санаймын, – деді Бақытжан Базарбек Мәжіліс кулуарында.

«Бұл AMANAT партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары болғанымнан басталды. Біз жер пайдаланушыларға көптеген тексеруді ашық жүргізе бастадық. Оның ішінде көп олигарх бар. Қазір Алматыда және Алматыдағы тау бөктерінде орналасқан көптеген жерді тексеріп жатырмыз. Әрине, біреу мұның бәрін ұнатпайды. Шынымды айтайын, маған қызметімнің салдары болатынын ашық айтып, қоқан-лоққы жасалды», – деді депутат.

Оның айтуынша, өткен аптада Мәжіліс депутаттары «Орман шаруашылығы туралы заңға өзгеріс пен толықтыру туралы» заң жобасын қарауға алмаған. Мәселе ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жерін ауылдық елді мекендегі жердің құрамына енгізуге байланысты.

Біз мұның артында кім тұрғанын білеміз. Онда жерді сатып алған кейбір адамдар тұр. Кейбір адамдар өз үйлерін заңдастыруға ниетті. Алайда жерлер қателесіп, ұлттық табиғи парктер мен қорықтардың құрамына кіріп кетіпті. Біз оларға сот органдарына жүгінуге кеңес бердік.


Бірақ біз мұның артында осы учаскелерді сатып алған және депутаттар арқылы қоғам үшін өте қауіпті заң жобасын өткізгісі келетін кейбір күштер бар деп санаймыз. Біз комитет отырысында (заңға) оң қорытынды берген жоқпыз. Ертең комитет бұл заң жобасын қайта қарайды, – деді Бақытжан Базарбек. Бірақ депутат өзіне нақты кімнен қауіп төніп тұрғанын білмейді.

Сондай-ақ Бақытжан Базарбек полициядан тиісті көмек ала алмағанын да жеткізді.
«Полицейлерден көмек сұрадым. Мен оларға «Қылмыстықтың кодекстің 376-бабы («Парламент депутатының қызметіне кедергі келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғау керек» деп айттым. Алайда полиция бұл баппен емес, бұзақылық (хулиганство) бойынша қылмыстық іс қозғады», – деп түйіндеді сөзін депутат.

Рекомендовать
Последние новости