Алматыдағы саудагерлер метрополитенді қала шекарасынан ұзартуды сұрайды

Dalanews 06 февр. 2023 03:46 963

«AMANAT» белсенділері партияның сайлауалды бағдарламасы үшін мегаполис тұрғындарынан ұсыныс-тілектерді жинау жұмыстарын жалғастыруда.

Сонымен, журналист, партия мүшесі Мақсат Толықбай мен Алматы аманаттықтары қаланың төменгі бөлігінде орналасқан «Түрксіб жәрмеңкесі» базарына барып, шағын бизнес өкілдерінің ұсынысын тыңдады. Олар нарықтағы қымбатшылыққа наразы екенін айтты.

«Қаланың бәрі көлік кептелісі, ал жанармай қымбат. Салдарынан азық-түлік те, басқа да тұтыну тауарларының құны шарықтап тұр. Біз халыққа ауыр тимесін деп бағаны қымбаттапай ұстап отырмыз. Бірақ, баспана жағы қиын болып тұр. Егер үй алуға бастапқы жарнаны төмендетсе мына біз секілділер үйлі болып қалар едік», - дейді «Түрксіб жәрмеңкесі» базарының саудагерлері.



Қала тұрғындары мегаполистің инфрақұрылымын дамытудың, атап айтқанда, метро желісін қала шекарасынан тыс, облыстың жақын орналасқан қалаларына дейін ұзартудың, ауаны жақсартудың және жолдарды жөндеудің проблемалық мәселелерін көтерді.

«Саудагерлердің көбі облыста тұрады, күн сайын кептеліспен жолға 2-3 сағатын жұмсайды. Егер метро бізге – облысқа дейін ұзартылса, қалаға қатынау әлдеқайда жылдам әрі оңай болар еді», - дейді базар сатушылары.


Алматылықтар үшін жатақхана мәселесі де әрқашан өзекті. Осылайша, партиялықтар қаладағы жатақханалардың біріне барып, студенттердің мәселелерін біліп қайтты.

«Жатақханамыз 1937 жылы салынған. Ғимараттың тозығы жеткен, күрделі жөндеу қажет. Сонымен қатар, студенттерге арналған орындар өте аз, оқу жылы басталмай тұрып осы мәселені шешуді сұраймыз. Кеңсе тауарлары да қазір қымбат, біздің бір стипендиямызға осындай үлкен қалада тұру қиын, ақылы түрде оқып жатқандарды да ескерген жөн.

Егер студенттік билетті немесе «Оңай» карточкасын ұсынған кезде кеңсе тауарларына жеңілдік болса, жақсы болар еді», - деп ұсынды студенттер.



 

Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша барлық тілектер мен ұсыныстар алдағы уақытта партиялықтардың жұмысына қабылданады.

Рекомендовать
Последние новости