АЭС салатын вендор осы жылы анықталатын болады

Dalanews 06 февр. 2023 06:48 993

Елімізде атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі күннен күнге өзектілігін арттырып отыр. Алайда, бүгінде Қазақстан АЭС-ті қай елдің салатынына қатысты нақты шешім қабылдаған жоқ. Әзірге, тізімде тұрған төрт мемлекеттің жобалық ұсыныстарын қарастырып, сараптауға салмақ.


Былтыр қараша айының соңында «Самрұқ-Қазына» Қоры француздық «Assystem» компаниясымен ынтымақтастық орнатып, меморандумға қол қойған еді. Бұл құжат елде атом электр станциясын құру кезінде кадрлар даярлау және техникалық кеңес беру мүмкіндігін қарастырады. Айта кету керек, меморандум президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға сапары аясында жасалды.

«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, болжамды-энергетикалық теңгерім 2032 жылға қарай қуаты 2 400 МВт-қа дейінгі атом электр станциясын салу қажеттілігін көрсетті. Станцияның жобасын барлық үздік технологияларды барынша ескеретін халықаралық инвесторлар жүзеге асыруы тиіс екенін түсіндірді. Атап айтқанда, ядролық, негізгі жабдықты жеткізушілер ретінде CNNC – қытайлық компания, KHNP – корейлік компания, ресейлік «Росатом» және француздық EDF ұсыныстары қарастырылады. Генерациялық жабдық бойынша негізгі жеткізушілер General Electric және Doosan компаниялары делінді.


Алайда, қазір қоғамда АЭС-ті Франция мемлекеті салады деген пікір желдей есіп жүр. Бұл туралы «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-нің атом энергетика бөлімінің инженері Асуан Сиябеков егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

– Әлеуметтік желілерде АЭС-ті Франция мемлекеті салады екен деген ақпараттар жүр. Бізде қазір 4 компаниядан тұратын шорт парақ жасақталған. Атап айтқанда, Ресейдің Росатом, Қытайдың CNNC, Оңтүстік Кореяның KHNP және Францияның EDF компаниялары. Барлығымен келіссөз бірдей деңгейде жүріп жатыр. Ешқайсысына да басымдық беріліп отырған жоқ. Енді реакторларына келетін болсақ, барлығының қуаты шамалас: 1200 – 1400 МВт. Былтыр қараша айының соңында Президент Францияға барған сапарында қаралған басты мәселенің бірі – АЭС тақырыбы болды. Assystem компаниясымен меморандумға қол қойылып, оның аясында АЭС салынған жағдайда кадр дайындауға көмектесу, техникалық қадағалау жұмыстары қарастырылған. Бұл француз компаниясы бізге АЭС салып береді деген сөз емес. Оның үстіне бұл компания шорт-парақта жоқ. Ал АЭС салуы мүмкін тізімде Францияның EDF компаниясы ғана бар.


 АЭС салатын ауданды таңдау мәселесі қоғамдық талқылауға шығарылады екен. Осы жөнінде тарқатып айтасыз ба?

– Бұл жерде жария тыңдаулар өтеді. Біз АЭС салатын аймақтың халқын жинап, кездесу ұйымдастырамыз. Ол Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарымен келісіліп жасалады. «Атом энергетикасын пайдалану туралы» заңның 12-тармағы, 1-бөлімінде ядролық қондырғыларды орнату бойынша үкіметтің шешімі керектігі айтылған. Демек, үкімет оны өздігінен шеше салмайды. Заң аясында жергілікті органдармен жұмыс істеп, солардың келісімі арқылы шешім қабылдайды. Айта кету керек, 2022 жылы 15 қарашада Алматы облысы мәслихатының кезектен тыс 29-шы сессиясы өтті. Онда хаттама толтырылып, құжатта «Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы ауданында АЭС құрылысын аталған ауыл тұрғындарымен шешу керектігі» көрсетілген. Енді біз заң аясына сүйене келе, АЭС салу мәселесі бойынша 28 ақпан күні  Алматы облысы Үлкен ауылында жария тыңдаулар өткіземіз.

Биыл АЭС салатын компанияның аты атала ма?

– Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Болат Ақшолақов 2022 жылы Қытай, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея сияқты елдердің жеткізушілерінен тексерілген реакторлық технологиялардың қысқа тізімі жасалғанын еске салды. Осы жылы реакторлық технологияны таңдау бойынша жұмыс жүргізілетіндігін атап өтті.

Рекомендовать
Последние новости