Алматыдағы балабақшада бүлдіршіндер қатарласын аяусыз соққыға жыққан: полиция іс қозғады

Қаракөз Амантай 23 февр. 2024 17:01 6745

Алматыдағы балабақшалардың бірінде жантүршігерлік жағдай орын алып, көпшіліктің жағасын ұстатты. Әлеуметтік желіде тараған видеоға сәйкес,  тәрбиеленушілердің бірі қатарластарының аяусыз соққысына жығылған. Бұл сәт мекеменің бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Зардап шеккен баланың ата-анасы оқиға 21 ақпанда болғанын жеткізді.

Мұнда тәрбиешінің қарауынсыз қалған балалар сол сәтте топтасын ұра бастайды. Ал тәрбиеші кінәсін мойындамаған. Ол баланың өзі құлап қалғанын айтқан.

Осы тұста қалалық білім басқармасы балабақша әкімшілігінің бұйрығымен тәрбиешіге қатаң түрде сөгіс жарияланып, тәртіптік жаза қолданылғанын мәлімдеді.  Сонымен қатар Алматы қалалық полиция департаменті аталмыш оқиғаға байланысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады.

"Балабақша қызметкерлері мен ата-аналардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", - делінген хабарламада.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баланың қазіргі жай-күйі туралы айтты. Оның айтуынша, қазір бүлдіршін ауруханада жатыр.

"Балабақшада зардап шеккен балаға Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету орталығында барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Баланың жағдайы тұрақты", - делінген хабарламада.


Рекомендовать
Последние новости