Алматыда жолдың сапасын тексеруге полиция да араласа бастады

Сағыныш Сардарова 19 сент. 2025 10:45

Алматыда ауқымды құрылыс және жол жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Соған орай жол жұмыстарының сапасына бақылау күшейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полиция жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзіміне бақылауды күшейтіп, заңбұзушылықтар үшін лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартып жатыр.

Ресми мәлімет бойынша жыл аяғына дейін қаладағы түрлі шағынауданда 120 шақырымнан аса жол, тротуар, веложол салынып, жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, аялдама кешендері мен жерүсті өткелдері орнатылады.

Полиция биыл сегіз айда жолдарға 2 мыңнан аса тексеріс жүргізіліп, лауазымды және заңды тұлғаларға жалпы сомасы 5,5 миллион теңгеге 140 әкімшілік хаттама толтырған. 2 мыңнан аса құқықбұзушылықты жою туралы нұсқау берілген. Жол жамылғысы мен инфрақұрылымда 4 мыңға жуық ақау анықталған.

"Жолдарды салу мен күтіп ұстау кезінде заңбұзушылықтарға жол берген мердігер ұйымдар мен лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр", – деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дархан Қылышбаев.

Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының бөлім басшысы Айдар Бейспековтің айтуынша, мекеме жыл басынан бері қала көшелеріне 386 мәрте тексеріске шыққан. 126 олқылық анықталған.

Жол жабыны мен жол құрылысы материалдарынан 825 сынама алынған. Олардың 305-і талапқа сай болмаған. Қалалық құрылысты сәулет-құрылыс бақылау басқармасына өрескел олқылықтар туралы 7 мәрте хат жазылған.


Рекомендовать
Последние новости