Алматыда бірнеше қылмысқа қатысы бар күдіктілер ұсталды

Ақтоты Жапатова 05 авг. 2025 10:51

Алматыда бірнеше қылмысқа қатысы бар күдіктілер ұсталды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Алматы қаласының криминалдық полиция қызметкерлері мен Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері автокөліктерден мүлік ұрлау бойынша бірнеше қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1973 және 1981 жылы туған екі ер азаматты ұстады. Екеуі де Алматы облысының тұрғындары.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер автокөліктердің пульттерінен берілетін сигналдарды сканерлеу арқылы көлік салонына кіріп, мүлікті ұрлаған. Қазіргі уақытта полицейлер Алматы қаласында жасалған осыған ұқсас бес қылмыстық эпизодты анықтады.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

- Жедел іс-шаралар нәтижесінде күдіктілер қылмыс үстінде ұсталды. Тінту барысында ұрланған мүліктің бір бөлігі тәркіленді. Қазіргі таңда басқа эпизодтар мен ықтимал сыбайластарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз бұл қылмыстық әрекетті толық ашуға және барлық қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тартуға ниеттіміз, – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Мендебаев.

Қосымша тергеу және жедел іс-шаралар жалғасуда.


Рекомендовать
Последние новости