Алматы облысының кәсіпкері Жеңісгүл Дәулетова «Жан Шуақ» сыйлығының лауреаты атанды

Жарбол Кентұлы 21 нояб. 2024 19:27 136

М.Түймебаев ауылының тұрғыны Жеңісгүл Дәулетова өзінің табандылығы мен ерекше шеберлігінің арқасында «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаты атанды. Ол «Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясында жеңімпаз деп танылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2003 жылы ауыр жол апатынан кейін арбаға таңылған Жеңісгүл Дәулетова өз кәсібін дөңгелетіп, ұлттық қолөнерді дамытуға бар күшін салып келеді. Алғашында хобби ретінде басталған ісі бүгінде оны халықаралық деңгейдегі қолөнер шебері дәрежесіне жеткізді.

Кәсіпкер ұлттық киімдер, бас киімдер, аяқ киімдер мен жүн өнімдерінен жасалатын бұйымдарын ел ішінде ғана емес, шетелдік көрмелерде де танытып жүр. 2023 жылы ол «Бір ауыл – бір өнім» республикалық жобасының финалисі атанып, Алматы облысының үздік кәсіпкерлері қатарына қосылды.

Ол 20 жыл бойы көптеген халықаралық көрмелер мен форумдарға қатысып, қоғамда белсенді азаматтық ұстанымын көрсетіп келеді. Жеңісгүл Дәулетова Іле ауданындағы іскер әйелдер кеңесінің төраға орынбасары және қоғамдық жұмыстардың белсенді мүшесі ретінде де танымал.


Рекомендовать
Последние новости