Алматы облысында сыбайлас жемқорлық үшін басшылықтың жауапкершілігі күшейтілді

Dalanews 21 апр. 2020 11:57 768

Кеше Алматы облыстық әкімдігінде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі штаб отырысы өтті. "Қол астындағылар арасындағы сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың жауапкершілігін күшейту туралы"мәселе қаралды.

Естеріңізде болса, 2019 жылғы 26 желтоқсанда «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды және оған Қазақстан Республикасының Президенті қол қойды.

Осы Заңның қабылдануымен Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталды.

Бұдан былай, саяси мемлекеттік қызметшілер –  министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудандар әкімдері олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса міндетті түрде отставкаға шығуға сұрану керек.

«Жаңа заңға сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты тұлғасына қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті»,-деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департамент  басшысы Ернар Абсейітұлы.


Сондай-ақ заңда тікелей бағыныштыларда көрсетілген:

- орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) үшін – бұл оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары;

- облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімі үшін – оның орынбасарлары, аппарат басшысы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі;

- орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) оның қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде қызметінен кетеді;

- облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына жауап береді;

- Аудан әкімі өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне жауап береді.

Айта кету керек, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшіні осы лауазымға тағайындаған лауазымды тұлғаға орнынан кету туралы өтініш жіберіледі.

Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыреті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өзінің 1424 байланыс орталығы бар. Орталық тәулік бойы сыбайлас жемқорлық фактілері, оның ішінде жасалған немесе жасалатын құқық бұзушылықтар туралы, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіретін жағдайлар туралы телефон хабарламаларына жауап береді.

Анар САБЫРОВА

 

Рекомендовать
Последние новости