Кеңістіктегі немесе «ФБ» желісіндегі кездесу

Dalanews 20 апр. 2020 17:07 683

Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №44 кітапханасының  кітапханашысы Ермекбаева Жеңіскүлдің ұйымдастыруымен Фейсбук желісінде жазушы, Жазушылар Одағының мүшесі Жанар Әбдішованың жақында жарық көрген «Үмітпен өткен дүние˗ай» деген шығармалар топтамасының тікелей эфирде тұсаукесері өтті.

Тікелей эфирге № 44 кітапхананың оқырмандары, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары, сонымен қатар «Қазақ автомобиль - жол» институтының профессоры Т.Б. Нұрпейісова, тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары, педагогика магистрі Г.Баймағамбетова  мен 1-курс студенттері де қатысты.

Өткен 2019 жылы қала күніне орай  Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастырған «Алматы оқырман қала» акциясы аясында өткен ақын-жазушылармен кездесуден кейін автордың творчествосына қызығушылар көбейіп, жазушының «Өмір сүргім келеді», «Өмір сүрсем... кеш емес» деген кітаптарын кезекке жазылып, қолдан˗қолға тигізбей оқитын оқырмандар қатары көбейген еді.

Сондықтан №44 кітапханасының қызметкерлерінің заманауи тақырыптарға қалам тартқан қаламгердің интернет жүйесінде өткізген бұл кездесуі де қызықты өтті. Әлқиссасын «Рухани жаңғырудан» бастаған автор  өз оқырмандарына еліміздің Тәуелсіздігі ғасырлар бойы ата˗бабамыздың асыл арманы болғанын айта келіп, осы басымызға қонған бақты ұшырып алмай, ұстап қалу – жастарымыздың міндеті екенін, ұлттық код пен ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетімізді жоғалтып алмай, ары қарай дамыту, алып жүру білімді жастардың осы заманға лайық, саналы азамат болып қалыптасуына байланысты екенін баса айтты.

XX ғасырдағы қазақ халқының басына түскен тауқыметтерді жеке˗жеке атай келіп, осы ақтаңдақтарды жоюдың жолы, қазақ халқының болашағы, бар үміті  жастардың қолында екенін қадап айтты.

Ұлттық дамудың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өз жолын тану үшін көркем әдебиетті көп оқу керек екенін, осы жолда жасалынып жатқан ақын, жазушылардың жанкешті еңбектерінің бағалануы керек екенін тілге тиек етті. Өз жерінде солақай саясаттың кесірінен азшылыққа ұшыраған қазақ халқының демографиялық ақуалын да, экологиялық апаттан да құтқаратын, орнына келтіретін, жолын табатын білімді, саналы жастар екенін айта кетті. Қазақ тілі мен мәдениеті құрдымға кетпеуі үшін жастарымыздың білімді, отансүйгіш, ел азаматы болуға ұмтылуы керек екенін айтты.



Осы қиыншылықтарды арқау етіп, замандастарымыздың көркем бейнесін сомдаған   шығармаларына тоқталып, таныстырды, жатық тілмен әңгімелеп берді.

Заманымыздың ең үлкен қасіреті – ісік ауруына шалдыққан науқастар жайлы жазылған, ең көп оқылған, оқырмандардың жүрегінен жол тапқан «Қорқыныш» деген әңгімесінің сценарийін жазғанын, драматургияның корифейі Е.Обаевтың танысып, «Кино түсірсең болады!» деп, өз пікірін білдіргенін, әрі жұмысының қаурыттығына қарамай, үлкен кісінің бірден оқып бергенін үлкен сүйіспеншілікпен оқырмандарына әңгімелеп берді.

Үлкен ілтипатпен көкірегіне қолын қойып, қимай қоштасқан жазушымен    кеңістіктегі кездесу осылай, бірдемде өтіп кетті.

Рекомендовать
Последние новости