«Алматы – бақша қала» жобасы аясында 27 мың ірі көшет отырғызылады

Жарбол Кентұлы 18 дек. 2024 14:34 782

2023 жылдың басынан бастап Алматыда 650 мыңға жуық ағаш пен бұта отырғызылды. Бұл туралы Алматыда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының «Алматы – бақша қала» мәртебесін жандандыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу бойынша жол картасы бекітілді. 2025 жылдан бастап көшет егу кезінде Алматы әкімдігі ірі көлемді көшеттерді жаппай қолданатын болады. Осылайша биіктігі 4 және 6 метрден асатын 27 мың көшет отырғызылады», - деді әкім.

Алматы қаласында жасыл желектерді қорғау және күту қағидаларымен суару жүйесін міндетті түрде жүргізу жөніндегі норма енгізілді.

2 жыл ішінде 500 км автоматтандырылған суару және тамшылатып суару желілері орнатылды. 2025 жылы тағы 290 км осындай желілер орнатылады (сомасы 4,1 млрд.теңге), бұл автоматтандырылған суару жүйесімен 1 млн ағашқа дейін қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Алматы қаласының жасыл желектерін отырғызу және күтіп ұстау бойынша жаңа тәсілдерді қолдану нәтижесінде көшеттердің құлап түсуі 2022 жылғы 30% - дан 2024 жылы 10% - ға дейін төмендеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың сәуір айында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында қаланы көгалдандыру бойынша «Алматы – бақша қала» ауқымды акциясы өткізілді. Аудан әкімдіктері алма аллеяларын құруға және бұталарды отырғызуға белсенді қатысты. Барлығы 7 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды, оның ішінде 4 015 жеміс ағашы, 1 090 жапырақты ағаш және 2 600 бұта.


Рекомендовать
Последние новости