Алматы әуежайындағы кепілге алу ісі бойынша тың деректер шықты. Қосымша тергеуден кейін іс қайтадан сотқа жіберілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін күдікті Машрапбек Баратовтың адвокаты қылмыстық құқықбұзушылықтың саралануымен келіспейтінін білдірген. Осыған байланысты іс прокурорға қайтарылған болатын.
"Қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде Баратов М.З.-ның әрекетіне берілген құқықтық баға өзгеріссіз қалды", – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу барысында жәбірленуші ретінде қызды құтқарған Мұса Абдраим танылды.
Осылайша, тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.
7 наурыз күні Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалында 67 жастағы ер адам тексеру қызметінің қызметкерін кепілге алып, оған пышақпен қоқан-лоққы көрсеткен. Машрапбек Баратовқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру хулигандық, адамды кепілге алу және терроризм актісі туралы жалған хабар беру деректері бойынша тіркелген.