Атырау іргесіндегі Еркінқала ауылында бес жыл бұрын пайдалануға берілген мемлекеттік балабақша жабылды. Себебі бөбекжайдың іргетасы шөгіп, үлкен жарықшақтар пайда болған. Бұл жағдай ата-аналардың наразылығын туғызды. Өйткені енді тұрғындар ұл-қыздарын алыс елдімекенге апаруға мәжбүр. Олар ауылдағы жалғыз мектепке дейінгі білім беру мекемесінің құрылысын қадағаламаған шенеуніктерді кінәлап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаға сілтеп.
Мемлекеттік балабақшаның жабылғанын естіген ата-аналар аң-таң. Себебі жап-жаңа бөбекжай бар болғаны бес жыл жұмыс істеген. Мұнда 200-ден аса ұл-қыз тәрбиеленіп келген. Енді тұрғындар балаларымызды көрші ауылға тасып әуре-сарсаңға түсеміз деп қапалы.
"Үйімізге жақыны осы еді. Бізге қиын болып тұр. Себебі балаларымызды басқа жаққа ауыстырғанымызбен балалар барғысы келмейді. Жылайды, өз бөбекжайларына барғысы келеді", - дейді Еркінқала ауылының тұрғыны Ләйла Қалиева.
Телеарна мәліметінше, 290 орындық балабақша қазір жабық тұр. Сырты бүтін болғанымен іші қирап жатыр.
Балабақшаның бүлініп жатқанын қызметкерлер көріп, бірден дабыл қағыпты. Олар мұндай нысанда жұмыс істеу өте қауіпті екенін айтады. Сондықтан арнайы мамандарды шақыртып, сараптама жасатқан.
"Маманның айтуы бойынша баланың қауіпсіздігі үшін оларды қабылдауға болмайды. Соны негізге ала отырып, маусымнан бастап қалалық білім бөлімінің шешімі бойынша қалыпты жағдайдағы жұмысын тоқтатты. Алға қарай енді еңбек демалыс біткен соң қалалық білім бөлімі басшысы қызметкерлерді, тәрбиешілерді жақын маңдағы бөбекжайларға орналыстырамыз деп отыр", - дейді №37 “Болашақ” балабақшасының басшысы Гүлбану Қонаева.
Ал құрылыс басқармасындағылар екі қабатты ғимаратты салуға бюджеттен 700 миллион теңгеге жуық қаражат кеткенін жеткізді. Олар ғимаратты қабылдап алған кезде ешқандай ақау болмаған деп ақталды.
Шенеуніктер балабақшада күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған. Құрылыс қашан басталатыны әзірге белгісіз.