«Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы елордалық жастар үлкен өмірге қанаттандырады

Dalanews 03 окт. 2021 03:31 1562

Пандемия кезінде, одан кейін халықты жұмыспен қамту ісі жергілікті билік орындары үшін өте өзекті мәселе болып тұрғаны анық. Елімізде жұмыссыздық деңгейінің жоғарыламауы үшін көптеген іс-шаралар қолға алынып, жұмыспен қамту ісі жүйелі жүргізіліп келеді. Біздің бұл сөзімізге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы жұмыстары айқын мысал бола алады.

Бүгінде еліміздің жүрегі Елордағы келіп жұмыс істеп, астаналық болуды көптеген жастар армандайтыны анық. Бұл бір жағынан қалыпты үрдіс. Қазір жыл сайын елордамызда мыңдаған жастар оқуын бітіріп, үлкен өмірге қанат қағып жатыр. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жүзеге асырып жатқан «Еңбек» бағдарламасы диплом алған жастармен қатар, жаңа мамандықты игеруге аңсары ауған азаматтарға да пайдасын тигізіп отыр.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындарын 2017-2021 жылдарға арналған Жаппай кәсіпкерлікті нәтижелі дамыту және жұмыспен қамтудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алғашқы жұмыс орны» бағыты бойынша жұмысқа орналасуға шақыруда.

Аты айтып тұрғандай, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бірінші кезекте жастарды қолдауға бағытталған. Заман көші алға жылжыған сайын жұмыс берушілер жаңадан оқу бітірген жас мамандарға көптеген талап-тілектерін қойған сәтте жастардың тауы шағылып қалатыны жасырын емес. Елорда әкімдігі бұл мәселеге назар аударып, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында бұл мәселені қала аумағында шешуге бел буып, білек сыбана кіріскені көңілге қуаныш ұялатады.

Ірі компаниялардың жас мамандарға көптеген талаптар қоюы, бұл – тұтас елдегі жағдай. Егер осы мәселе Нұр-Сұлтан қаласында оң шешімін тапса, бұл тәжірибе республика деңгейінде тұтастай шешіліп, өзге өңірлерге тез тарайтыны анық. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласында қолға алынған бұл жобаның ғұмыры ұзақ болуы біз үшін маңызды. Осы ретте «Қала мен Дала» газетінің тілшілеріне Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына елордалық жастардың қалай қатысатынын қысқаша баяндап берді.

– «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген жастар біздің орталыққа келіп, бұл бағдарламаны бүге-шігесіне дейін түсініп алуы керек. Біздің қызметкерлер кез келген сұраққа тиянақты жауап береді. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығымен жасалатын шарттың негізінде жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Біздер жұмыс берушілермен бірге үміткер кандидаттың мүмкіндіктерін саралаймыз. Егер жұмысқа тұрушының біліктілігі жұмыс берушінің ойынан шығып жатса, үш тарап арнайы шарт жасайды. Жастар жұмысқа кіріскеннен кейін біздер Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауына сүйене отырып, жұмысшының жалақысының белгіленген мөлшерін субсидиялайтын боламыз. Бұл үш тарап үшін де тиімді дейді, – орталық қызметкері.


Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысуға тілек білдіргендерге қойылатын аз-кем талаптары бар екенін де тілге тиек етті. Сөз арасында айтқанымыздай, аталған бағдарламаға бірінші кезекте алғаш рет жұмыс іздеп жүрген оқу орындарының бітірушілері, Халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелуіне қарамастан, жұмыс іздеп жүрген тұлғалар мен бірқатар жұмыссыздар қатыса алады. Үміткерлердің жасы 29 жастан аспауы керек, сонымен қатар NEET санатындағы жұмыс тәжірибесі жоқ жастар да осы бағдарламаға қатыса алады.

Осы ретте бағдарламаға қатысуға ниет білдірген жастарға «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы үлкен мүмкіндік екенін айтқымыз келеді. Екі қолға бір кәсіп іздеп жүрген елордалық жастар осы бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып, өздері есігінен аттап кіре алмай жүрген мекемелер мен ірі компаниялардың толыққанды қызметкеріне айналуына болады. Жұмысқа тұрғаннан кейін өзінің біліктілігін танытқан жас мамандарды жұмыс берушілер де айлығын көбейтіп, құнды кадарлардың қатарына қосатыны анық. Сондықтан елорда әкімдігі ұсынып отырған бағдарламаның мүмкіншілігін барынша пайдаланып қалуға кеңес береміз.



Орталық қызметкерлерінің айтуынша, кез келген жас маман жұмысқа орналасқан күнінен бастап, жұмыс берушілер тиісті салықтары мен әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде аударып тұратынын алға тартты. Мұндай жағдайда кез келген жастың әлеуметтік статусы анықталып, олардың тұрғын үй кезегіне тұру мүмкіндігіне ие болады.

Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығы «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысатын жұмыс беруші мекемелер мен компаниялардың жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ болуына баса мән беріп отыр. Осылайша, орталық бұл бағдарламаға көлденеңнен келген көк аттылардың кіріп кетуіне жол бермей отыр. Бұл өте дұрыс. Өйткені жұмысшылары алдында жүзі жарық мекемелер мен компаниялардың қатысуы бағдарламаның тартымдылығын арттыра түсетіні айтпасақ та түсінікті. Ал елордада жұмысшылардың алдындағы міндеттемесін заң аясында жүз пайыз орындайтын жұмыс берушілер жетеді. Сондықтан жастар жұмыс берушілерге күдіктенбесе де болады.

 

«Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы жастарға не береді?


- 24 айға мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі;

- еңбек өтілі;

- «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасу мақсатында мекемені өзінің таңдауы;

- кепілдендірілген ай сайынғы жалақы, 20 АЕК.

«Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысу үшін қандай құжаттар қажет?

- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

- аттестат, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің бар екенін растайтын құжаттың көшірмесі (бар болса).

«Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаға қатысу сұрақтары бойынша келесі телефондарға хабарласуға болады +7 717 272-93-56, 8-705-329-77-19.

 

Арман ШАНШАРХАНОВ, Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының Уақытша жұмысқа орналастыру бөлім басшысы.

Айнаш ШОЙЫНБЕКОВА,  Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы. 

 

Рекомендовать
Последние новости