Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың жаңа моделі енгізілуде. Бұл жүйе бойынша жергілікті бюджет есебінен көрсетілетін қосымша қолдау шаралары тек тұрмыстық жағдайына қарай бес санатқа бөлінген отбасыларға автоматты түрде тағайындалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, пилоттық жоба Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында іске асырылуда. Ол 21 мамырда алты министрлік қол қойған бірлескен бұйрық негізінде жүзеге асырылып жатыр. Жаңа тәсіл республикалық бюджеттен төленетін барлық әлеуметтік төлемді сақтай отырып, жергілікті атқарушы органдар қаржысы есебінен қосымша қолдауды нысаналы түрде бөлуге мүмкіндік береді.
“Әрбір отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық көрсеткіш бойынша айқындалады. Қосымша қолдау алуға өтініш білдірген отбасылар алты санатқа жіктеледі: ең төменгі деңгейге азық-түліктің жетпеуінен бастап, ең жоғарғы деңгей ешқандай материалдық қиындық көрмейтін отбасыларға дейін. Шешім отбасылардың цифрлық картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады”, – делінген хабарламада.
Көмек қажеттілік деңгейіне қарай тағайындалады. Бұл ретте отбасының табысы, мүлкі, көлігі, несиелері, денсаулығы, мүгедектігі, білімі, асырауындағы жүктемесі және жасырын табыстары ескеріледі. Егер отбасының екі немесе одан да көп жылжымайтын мүлкі, көлігі, тіркелген кәсібі болып, бір адамға шаққандағы табысы төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен (222 244 теңге) асып кетсе, олар алтыншы санатқа енгізіледі де, жергілікті бюджет есебінен қосымша қолдау алушылар тізімінен шығарылады. Ал қалған бес санаттағы отбасыларға көмек автоматты түрде тағайындалады.