Алматыда сөмкесі ақшаға толы адам тоналды. Қылмыс Төле би даңғылы бойында орналасқан ақша айырбас орыны маңында болған. Беймәлім ер адам қала тұрғынының сөмкесін ашық түрде тартып алған. Оның ішінде 13 миллион теңге болған. Қалалық полиция департаменті тонау фактісін растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері күдікті – Алматы қаласының 39 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
"Оның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде қылмыс жасалған сәтте бейнежазбаларға түскен киімдер, ақшалай қаражат және басқа да заттай айғақтар табылып, тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оның осыған ұқсас басқа да деректерге қатысы бар-жоғы тексерілуде", – деді, Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Бұған дейін Қазақстанда валюта бағамы жазылған көшедегі таблоларға ресми түрде тыйым салынғанын жазғанбыз.